Ұлытау облысында 1,5 млрд теңгенің субсидиясы кәсіпкер ретінде тіркелмеген адамдарға берілген

Жарияланды
Hyundai Solar Батыс Қазақстан облысына 81 млрд теңге инвестиция құяды
Жалпы 142 млрд теңгенің субсидиясы тиімсіз жұмсалған / shutterstock, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Ұлытау облысында мемлекет бөлген 1,5 млрд теңгенің субсидиясы кәсіпкер ретінде тіркелмеген мың адамға берілген. Бұл туралы Мәжіліс отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов айтты.

Мемлекеттің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бөліп жатқан қаражатының тиімділігін тексерген аудиторлар жалпы 142 млрд теңгенің бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланып, жұмсалып кеткенін анықтаған. Жоғары аудиторлық палата 2 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтарды да анықтап, оған қатысты 4 факті бойынша құқық қорғау орындарына құжаттар әзірленіп жатыр.

Жалпы осындай олқылықтар нәтижесінде экономикалық шығындар мен жіберіп алған пайда 5 млрд теңгеге жеткен.

«Бұлардың ішінен ең ірі заңбұзушылықтарды тергеу органдарына жібереміз. Мәселен, Ұлытау облысында 1 мыңға жуық адам кәсіпкерлік жүргізуге 1,5 млрд теңгеге субсидия алған. Алайда олардың ешқайсысы салық органдарында кәсіпкер ретінде тіркелмеген болып шықты»,- деді Смайылов.

Ал Түркістан облысында 15 субъекті 225 млн теңгеге жоқ инвестиция үшін субсидия алған. Жалған шот фактура жасаған. Абай облысында осындай тәсілмен 2 кәсіпорын иесі сатып алынбаған ауыл шаруашылық техникасы үшін 131 млн теңге субсидия алған.

«Сондай-ақ біз ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті ауыл шаруашылығы басқармаларының 8 лауазымды тұлғасын әкімшілік жауапкершілікке тартып жатырмыз. Бұдан басқа салаларда да 320 адамға қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылған»,- дейді Смайылов.

Сондай-ақ оқыңыз