Жаңалықтар

KMG PetroChem мен «Теңізшевройл» Атырау газ өңдеу зауытына құрғақ газ жеткізуге келісті

«Теңізшевройл» жыл сайын Атырау облысындағы газ өңдейтін зауытқа 9 млрд текше метрге дейін құрғақ газ жеткізбек/фото: kmg.kz

Бүгін, 11 желтоқсанда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес ұйымы KMG PetroChem ЖШС және «Теңізшевройл» ЖШС өкілдері бас қосып, құрғақ газды сатып алу-сату туралы келісімшартқа қол қойды. Бұрынғы құжат қайта жаңартылып отыр.   

Бұл қадам газ жеткізуге қосымша кепілдіктер бермек. Мәселен, «Теңізшевройл» Атырау облысындағы газ өңдейтін зауытқа 9 млрд текше метрге дейін жыл сайын құрғақ газ жеткізбек. Одан алынатын этан шикізат ретінде пайдаға асады. Полиэтилен шығаратын бұл зауыт қуаты – жылына 1,25 млн тонна.

Бұл Қазақстан үшін бірегей жоба болмақ. Оның аясында газ сепарациялық кешені, полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы басталады. Ауқымдылығы мен технологиялық тұрғыдан мамандарды таңырқатып отыр. Өйткені мұндай жоба бұрын-соңды елімізде қолға алынбаған. Газ сепарациялық кешенінде газдан жоқ дегенде 98% этан шығарылады. Полиэтилен зауыты премиум сападағы өнім өндіреді.

KMG PetroChem акциялары 100% «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының иелігінде. Еліміздің мұнай-газ химиясы саласында жобаларды жүзеге асырып, жұмысты үйлестіреді.

«Теңізшевройл» «– Қазақстан мен Шеврон корпорациясы бірігіп құрған компания. Шевронға 50%-ы, ҚазМұнайГазға -20%-ы, «ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc.» – 25%-ы және «Лукойлға»  5%-ы тиесілі.