Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ешкімге қатер төндірген жоқ, тек өзіне зиян келтірмек болды – адвокат Саида Тәуекел

Жарияланды
Шерзаттың әкесі полицияға шабуылдаған жоқ /фото:  
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Сот шешімімен 15 тәулікке қамалған Қаржаубай Нұрымовтың адвокаты Саида Тәуекел Шерзаттың әкесі полицияға шабуыл жасамағанын, тек екі қызметкер отырған көліктің дөңгелегін жарып тастағанын айтты. Адвокаттар сот шешіміне аппеляциялық шағым жолдамақ.

«Кеше Қаржаубай Нұрымов ұсталған соң, дереу артынан барып ара түстік. Оның эмоциялық тұрғыдан таусылып отырғанын көрдік. Денсаулығы нашарлаған деп күдік келтіріп, дереу жедел жәрдем шақырдық. Диагноз қою үшін бірқатар тексеру жүргізу керек болды. Оны Еңбекшіқазақ аудандық ауруханаға әкелді», – деді Саида Тәуекел.

Адвокаттың айтуынша, ол жерде дәрігерлер Қаржаубайға толық медициналық тексеру жүргізіп, инсульталды жағдайды жоққа шығарды. Организмі зорыққанын, денсаулығында басқа да кілтипандар бар екенін айтқан.

«Құдайға шүкір, төніп тұрған қатты қатер жоқ деді. МРТ-дан, рентгеннен өткізді, қан сынамасын алды. Қауіп жоқ екеніне көз жеткізген соң, Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасына қайта келдік. Барлық қажетті құжатты рәсімдедік», – деді Саида Тәуекел.

Оның сөзіне қарағанда, сот онлайн өтті. Сотқа қатысқан прокурор он бес күнге қамауды сұрапты. Қорғаушылар тарапы Қаржаубайдың эмоциялық жағдайын түсіндірген. Сол күні және оған дейін болған оқиғалар тізбегін ескеруді сұраған.

«Ол полицияға шабуылдаған жоқ. Ал мүлікті бүлдіргенін жасырмайды. Қаржаубайдың сауалы бар полицейлер отырған көліктің дөңгелегін жарып тастаған. Мұны ол сол орыннан полицейлердің кетіп қалмасы үшін жасаған. Осы мақсатта ол дөңгелекке пышақ сұққан. Бірақ басқа адамдарға шабуылдамаған. Ол тек қана өз өміріне қауіп төндірген», – деді адвокат.  

Саида Тәуекелдің айтуынша, ол өзінің әрекеті заңсыз екенін түсініп отыр. Қорғаушы тарап соттан оған ең жеңіл жаза кесуді, айыппұл төлетуді өтінген.

«Бірақ сот прокуратураның талабын қанағаттандырып, 15 күнге қамауға алынды. Алайда біз аппеляциялық шағым жазып, жолдағалы жатырмыз», – деді адвокат.   

Сондай-ақ оқыңыз