Қазақстан Carlsberg, PepsiCo тәрізді ірі халықаралық компаниялармен серіктестік орнатып, елге 10 млрд доллар инвестиция тартпақшы. Бұл туралы Kazakh Invest басшысы Ержан Елекеев мәлімдеді.
Оның түсіндіруінше, екі компаниядан бөлек Қазақстан қытай энергетикалық CHN Energy, құрылыс материалдарын өндіретін қытайлық ULTRADECOR және аустралиялық LASSELSBERGER GROUP кәсіпорындарымен бірге ортақ жобаны жүзеге асырмақ, басқа деректері әзірге белгісіз.
Бұған дейін PepsiCo Алматы облысы, Алатау қаласында құны 160 млн долларға зауыт салып жатқаны хабарланған еді. Сол кезде Ержан Елекеев зауытта тұзды тағамдар, картоп чипсылары шығарылып, Орталық Азия елдеріне сатылады деп мәлімдеген. Ал даниялық Carlsberg Group Алматыда алкогольсіз өнімдердің жаңа өндірісін бастайтыны айтылған. Жоба 50 млн долларға бағаланды. Carlsberg Group-тың орталық және Шығыс Еуропа бойынша бірінші вице-президенті Ларс Леманн зауыт өнімдері тек Қазақстан емес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Армения нарығына экспорттауға ниетті екенін айтқан.
Kazakh Invest басшысының сөзінше, аталған жобалардан бөлек құны 2,5 млрд доллар болатын жеті инвестициялық жобаны іске қосу үшін келісім-шартқа қол қойылған. Оның ішінде Жамбыл облысындағы қуаты 1 ГВт болатын жел электрстанцияның құрылысы, Алматы облысында сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорын мен Шымкенттегі жылу кешенінің құрылысы бар.
Жалпы осы жылы құны 1,1 млрд доллар болатын 22 инвестициялық жоба іске қосылып, 4,8 мың жұмыс орны ашылды. Олардың арасында Алматы облысында вольфрам кенін қайта өңдейтін және Алматыда ісікке қарсы препараттар өндіретін зауыттар бар.