Қаржаубайдың адвокаттары сот шешіміне шағымданады
Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубайдың қорғаушылары сот шешіміне шағымданатындарын мәлімдеді. Олар Шерзаттың өліміне қатысты іс бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Адвокаттар қазіргі уақытта екі жағдай бойынша хат дайындамақ:
- Қаржаубаймен келісе отырып, 15 тәулікке қамауға алу түріндегі жаза қолдану туралы сот шешіміне қарсы шағым түсірмек.
- Оған қоса Шерзаттың өліміне қатысты іс бойынша екі әйелдің мәртебесін өзгертуге шағымданбақ
Қорғаушы Карина Көшербаева тергеу абақтысына кіргенін, сол кезде Нұрымовпен сөйлескенін айтты.
«Біз онымен сөйлестік. Оның не сезінетінін айтып жеткізу қиын. Эмоциясын білдірген жоқ, ұстамды күйінде қалды. Әрине, ол жақындары туралы ойлайды, отбасының жағдайын сұрады. Алдымызда он бес күн бар, оған бір емес, бірнеше рет барамыз», – деді Көшербаева.
Ал адвокат Саида Тәуекел Қаржаубайдың білегінде болмашы ғана жарақат бар екенін айтты.
«Оның қолына түскен пышақ жұмысқа арналған күртесінде болды. Олар одан бұрын зиратқа барған. Пышақ малға қажет болды. Оның жүзі мұқалған екен, Қаржаубай өзіне ешқандай жарақат сала алмайтын еді», – деді Тәуекел.
Бұған дейін Шерзаттың әкесі полиция қызметкерлері көлігінің дөңгелектеріне пышақ сұққан. Адвокаттар оның қатты күйзелісте жүргенін алға тартты.
Әкімшілік сот 15 тәулікке Қаржаубайды абақтыға қамады. Ал апасы Салтанатқа айыппұл салды. Немере апасы Реймованы елден шығаруға шешім қабылдады.