Жаңалықтар

АШМ фермерлік салаға қатысы жоқтарды да миллиардтаған қаржыға субсидиялаған. Сапаров бар кінәні әкімдіктерге жапты

Айдарбек Сапаров субсиядалаудағы кемшіліктерді әкімдіктерге ысырды / Коллаж kursiv.media архиві, бильд-редактор: Артур Алескеров

Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлікке қатысы жоқ және субсидиялау шарттарына сәйкес келмейтін субъектілерге миллиардтаған субсидиялар төлеп келген. Ал соңғы 5 жыл ішінде субсидиялауға бюджеттен шамамен 2 трлн теңге бөлінгенімен, жүйелі кемшіліктер оның әсерін шектеп отыр. Осындай мәліметтерді келтірген Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов субсидияға қатысты біраз былықтың бетін ашып, қандай заңсыздықтар тіркеліп жатқанын жария етті. Ал Айдарбек Сапаров болса, бар кінәні әкімдіктерге артты.

Кемшіліктер

Смайылов ауыл шаруашылығының экономикалық маңыздылығы жоғары бола тұра, оның ЖІӨ-ге қосатын үлесі аз екенін айтты. Орта есеппен оның үлесі 5%-ға жуық.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі соңғы 10 жылда бірнеше бағдарламалық құжат қабылдады. Олардың көбі соңына дейін жетпеген. Іске асыру барысында мерзімінен бұрын күші жойылған. Субсидиялау жүйесінде де кемшіліктер бар. 5 жылдың өзінде 70-тен астам өзгеріс енгізілді. Ережелер жекелеген жағдайларда кешіктіріліп қабылданған. 5 жылдан астам уақыт өтсе де, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұлғайтуды субсидиялау жөніндегі ережелер әлі де жоқ», – деді Смайылов мәжілістің жалпы отырысында.

Субсидия алғандардың 3 мыңы агроөнеркәсіп кешенінің субъектісі емес

Смайыловтың мәлімдеуінше, көп жағдайда субсидия алуға берілген өтінімдердің орындалуы 2 жылға дейін созылады. Алайда субсидия алушыларға бағалау жүргізілмеген.

«Мұның бәрі өз қызметін субсидия алғанға дейін немесе одан кейін тоқтатқан. 2,5 мыңнан астам субъектіге 5 млрд теңге субсидия төлеуге әкеп соққан. 5,4 млрд теңгеге субсидия алғандардың 3 мыңға жуығы тіпті агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері емес», – деп мәлімдеді ЖАП басшысы.

Әлихан Смайылов «Gosagro.kz» мемлекеттік субсидиялау ақпараттық жүйесі енгізілсе де, оны толығымен іске қосу жұмысы әлі де аяқталмағанын айтады. Жүйе тәжірибелік пайдалану режимінде 2 жыл жұмыс істеп тұр, ал ақпараттық қауіпсіздікке тексеруден өтпеген. Бұл субсидиялардың негізді бөлінуіне бақылауды толық қамтамасыз етпейді. Осының нәтижесінде, субсидия шартына мүлдем сәйкес келмейтін шаруалар бұл мемлекеттік қолдауға ие болып қалған. Бір сөзбен айтқанда, фермерлікпен айналыспайтындарға да субсидия төленген.

«Алайда субсидиялау шарттарына сәйкес келмейтін субъектілерге субсидиялардың төленгенін, екі қайтара және асыра субсидиялау фактілерін атап өтуге тура келедi»,  –деп мәлімдеді Смайылов.

Министр Сапаров не дейді?

Ауыл шаруашылығы министрі салаға қатысы жоқ азаматтардың қаржылай қолдауға қалайша ие болғанын түсіндірді. Айдарбек Сапаров оған мысалмен нақты дәлел келтіріп көрді.

«Мысалы,  жеке кәсіпкерлік ашып біреу гүлмен айналысады. Оның несие алуға мүмкіндігі бар . Несие алған соң, ол мал сатып алады. Мал сатып алғаннан кейін, қағаз құжаты болған соң, біз субсидия беруге міндеттіміз. Сондықтан әрбір жеке кәсіпкерді  бөлек тексеру қажет. Оны жәй алды деп айтуға болмайды, ол қағаз-құжаттарын толтырып әкеледі», – деп түсіндірді министр мәжіліс кулуарында журналистерге.

Десе де министр субсидия алу үшін небір қитұрқы әрекет жасаған кәсіпкерлер барын жасырмады. Олардың жауапкершіліктен қашып құтылмайтынын айтады. Қазірдің өзінде 2 млрд теңге қаржылық бұзушылықтар анықталып, ол ақшалар түгелімен бюджетке қайтарылғанын жеткізді.

Сапаров бар кінәні әкімдіктерге ысырды…

Журналистер Сапаровтан фермерлікке қатысты жоқ тұлғаларға субсидия берілгенін неге министрлік қадағаламағанын да сұрап көрді. Сонымен қатар осы мәселедегі кемшілікте өзіне жауапкершілік алу жайын да сұрады.

Ведомство басшысы жауапкершіліктен қашпайтынын айтады. Алайда бұл олқылыққа жол берген жергілікті әкімдіктер екенін айтып, бар кінәні соларға жүктеді.

«Ешкім де жауапкершіліктен қашып жатқан жоқ. Бұған өзіміз кірісіп жатырмыз министрлік болып. Осы мәселеге біз өзіміз сараптама жасағанбыз. Жалпы түсіну керек, АШМ ережелер ғана жазады. Ал субсидияның барлық қаржысы облыстарға таратылған. Жергілікті жердегі ауыл шаруашылығы басқармалары арқылы жүйе автоматтандырылған. Сондай-ақ ол жергілікті бюджет болып саналады. Мал, өсімдік шаруашлығы, қайта өңдеу деген сияқты әртүрлі бағдарлама бар. Оның әрбіреуі мәслихатпен бектіледі. Сондықтан жауапкершілік жергілікті жерлерде. Бірақ біз жүйені байқап, бақылауда ұстап отырамыз. Осындай кемшіліктер көретін болсақ, оны құқық қорғау органдарына беретін боламыз», – деп түсіндірді министр.

Айта кетейік, Ұлытау облысында мемлекет бөлген 1,5 млрд теңгенің субсидиясы кәсіпкер ретінде тіркелмеген мың адамға берілген. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бөліп жатқан қаражатының тиімділігін тексерген аудиторлар жалпы 142 млрд теңгенің бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалып кеткенін анықтаған. ЖАП 2 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтарды да анықтап, оған қатысты 4 факті бойынша құқық қорғау орындарына құжаттар әзірленіп жатыр.