Нарық АҚШ-тың қараша айындағы инфляция деректерін талдау үстінде. Goldman Sachs 2025 жылы алтын қайта өсуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Илон Маск SpaceX компаниясының акцияларын кері сатып алу нәтижесінде байлығы 400 млрд доллардан асқан тарихтағы алғашқы адам атанды. 11 желтоқсан күнгі әлемдік БАҚ шолуына зер салыңыз.
АҚШ-тағы тұрақты инфляция ФРЖ-нің пайыздық ставкаларды төмендету жоспарына өзгерістер енгізеді
Нарық АҚШ-тың қараша айындағы инфляция деректерін талдау үстінде. Еңбек министрлігінің хабарлауынша, тұтыну бағаларының индексі (CPI) жылдық көрсеткіште 2,7%-ға өскен. Ал өткен айда инфляция деңгейі 2,6% болған.
«Соңғы деректерді талдау жағдайдың екіұштылығын көрсетеді: баға қысымы айтарлықтай төмендегенімен, әр ай сайын инфляцияның тұрақтылығы туралы жаңа дәлелдер пайда болуда. Бұл келесі жылы пайыздық ставкаларды төмендету жөніндегі болжамдарды қайта қарастыруды қажет етеді», – деді Plante Moran Financial Advisors инвестициялық басқарушысы Джим Бэрд.
Оның пікірінше, келесі жылы ФРЖ пайыздық ставкаларды жоғары деңгейде ұстау үшін ұзақ уақыт бойы әрекет етуге мәжбүр болуы мүмкін.
J.P. Morgan Wealth Management инвестициялық стратегия департаментінің басшысы Элиза Озенбо да ФРЖ 2025 жылдың алғашқы отырысында ставкаларды төмендету цикліне тоқтау қоюы мүмкін деп есептейді.
«Келесі жылы ақша-кредит саясатына қатысты шешімдер даулы болмақ. Өйткені Дональд Трамп әкімшілігі кезінде бюджеттік және сауда саясаты жаңа кезеңге өтеді. Біз ФРЖ ставкаларды қайтадан тек наурызда төмендетуі мүмкін деп санаймыз», – деді ол.
SpaceX компаниясының құны 350 млрд долларға тең
Илон Маск басқаратын SpaceX компаниясының құны 350 млрд долларға жетті деп хабарлады CNBC. Компания ғарыш саласындағы позицияларын нығайтты. Оның басшысы болашақта Ақ үй әкімшілігінде маңызды рөл атқаруы мүмкін.
CNBC мәліметтері бойынша, SpaceX компаниясы өз акцияларын 185 доллардан сатып алу туралы келісімге келген, жалпы құны 1,25 млрд долларды құрады. Бұл компанияның қаржылық жағдайының тұрақтылығын көрсетеді.
Bloomberg осы мәміле туралы хабарлағаннан кейін, миллиардерлер рейтингін жаңартып Илон Масктың байлығы 400 млрд доллардан асатын әлемдегі алғашқы адам екенін жариялады. Агенттіктің бағалауынша, SpaceX акцияларын сатып алу Маскқа 50 млрд доллар пайда әкелген. Бұл оның байлығын 439 млрд долларға жеткізді. Бұл Amazon негізін қалаушы Джефф Безостың (244 млрд доллар) байлығынан 1,8 есе артық, ал үшінші орында Facebook негізін қалаушы Марк Цукерберг (219 млрд доллар) тұр.
2025 жылы алтын бағасы унциясына 3 мың доллар болуы мүмкін
Goldman Sachs сарапшыларының пікірінше, 2025 жылы алтынның бағасы қайта өсіп, бір жылда оның құны тіпті доллардың күшеюіне қарамастан, қазіргі деңгейден 10%-ға артуы мүмкін. Әдетте доллар құнының өсуі алтын бағасының төмендеуіне әкеледі. Өйткені ол алтынға сұранысты төмендетеді. Бірақ бұл жолы жағдай өзгеше, деп жазды Market Watch.
Алайда сарапшылар алтын бағасының болашақ траекториясы ФРЖ-ның пайыздық ставкаларды қаншалықты төмендететініне байланысты болатынын атап көрсетті. «Негізгі сценарий бойынша алтын бағасының 7%-ға өсуін болжап отырмыз. Бұл ФРЖ ставкасын 2025 жылдың соңына дейін 125 базистік тармаққа төмендеткен жағдайда орын алады», – делінген талдамалық есепте.
АҚШ долларының күшеюі әлемдегі орталық банктердің алтын сатып алуын ынталандыруы мүмкін. Олар өз валюталарына деген сенімді қалпына келтіруге ұмтылып жатыр. Сонымен қатар геосаяси тұрақсыздық пен АҚШ-тағы сауда тарифтерінің өсуі алтынның қауіпсіз инвестиция ретінде тартымдылығын арттырып, бағасының өсуіне ықпал етуі мүмкін, деп санайды Goldman Sachs сарапшылары.
Бразилияда жаңа қор биржасы жұмысын бастайды
Рио-де-Жанейродағы Base жаңа қор биржасы 2025 жылдың қаңтар айында сынақ режимінде жұмысын бастайды. Оны Абу-Дабидегі Mubadala компаниясы бақылап отыр, деп хабарлады Reuters. Толыққанды сауда-саттық 2025 жылдың екінші жартысында басталады.
Жаңа биржа бастапқыда акциялар, жылжымайтын мүлік қорлары және биржалық қорлар (ETF) бойынша сауданы жүргізеді, өзінің клиринг және есеп айырысу жүйесін қолданады. Кейінірек фьючерстер мен туынды құралдармен сауда қосылуы мүмкін. Биыл Бразилияда қор биржалары қызметіне салынатын салық 5%-дан 2%-ға төмендетілді.
Reuters-тің хабарлауынша, Бразилияда жұмыс істеп тұрған B3 биржасының тұрақтылығы туралы нарық сарапшылары арасында түрлі пікір бар.
«Қазіргі бразиль нарығының жағдайын ескере отырып, екінші қор биржасын ашудың мәні жоқ сияқты», – дейді Сан-Паулудағы Маккензи университетінің Экономикалық еркіндік орталығының жетекшісі Владимир Фернандес Масиэл.
B3 биржасында 500-ге жуық компания тіркелген, үш жыл ішінде IPO өткізілмеген. Негізгі өтімділік үлкен капиталы бар компаниялардың акцияларына шоғырланған. Жоғары пайыздық ставкалар салдарынан елдегі капиталдың едәуір бөлігі тұрақты табысқа ие бағалы қағаздарда сақталып отыр.