Банк пен қаржы

Миллиардер Александр Клебанов пен Сергей Канға тиесілі «Павлодарэнерго» 5 млрд теңге кредит алмақ

Фото: kursiv.media

Forbes тізімінде тұрған Александр Клебанов пен Сергей Канға тиесілі «Павлодарэнерго» құрамына кіретін компаниялар «Қазақстан Халық банкінен» 5 млрд теңге кредит алмақ. Акционерлердің шешімі Қазақстан қор биржасының сайтында жарияланған.

«Павлодарэнерго» АҚ мүдделілік бар ірі мәміле ретінде «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Павлодарэнерго» АҚ, «Севказэнерго» АҚ, «Ақмола электржелілік үлестіру компаниясы» АҚ, Павлодар эоектржелілік тарату компаниясы» АҚ, және қоғам арасында кредиттік желі беру туралы келісім жасалсын», – делінген хабарламада.

Соған сәйкес, энерго компаниясы өз еншілес ұйымдарымен бірлесіп, банктен 5 млрд 62 млн теңге несие алмақ.

Ал «Павлодарэнерго» – «Орталық-Азия электроэнергетикалық корпорациясының» (ОАЭК) 100% еншілес кәсіпорны. Корпорацияға миллиардерлер Александр Клебанов пен Сергей Кан иелік етеді. ОАЭК-тің 47% акциясы – Александр Клебановка тиесілі болса, 47%-ы Сергей Канның иелігінде. Сонымен қатар KIF ENERGY S.À R. L. компаниясы – 4%, ЦАТЭК компаниясы 1,78% үлесті меншіктеген.

Олар ОАЭК арқылы «Павлодарэнерго» АҚ, «Павлодар Солтүстік су каналы» ЖШС, «СевКазЭнерго» және «Ақмола РЭК» компанияларына да иелік етеді. Олар Forbes нұсқасы бойынша ең бай қазақстандықтар тізіміне енген.

Александр Клебанов – ең бай 75 бизнесмен рейтингінде 12-орында (2024 ж.) және Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені рейтингінде 21-орында тұр. Оның байлығы 815 миллион долларға бағаланады. Ал Сергей Кан 292 миллион долларға тең байлығымен ең бай 75 бизнесменнің (2024) арасында 31-орынға жайғасқан.