Жаңалықтар

Қазақстандықтар Қытай инвестициясының пайдасына күмәнмен қарайды – зерттеу

Қазақстандықтар Қытай инвестициясының пайдасына күмәнмен қарайды – зерттеу
Қазақстандықтар Қытай инвестициясының пайдасына күмәнмен қарайды – зерттеу / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандықтар Қытай инвестициясымен жасалған жобалардың елімізге пайда алып келетініне күмәнмен қарайды. Бұл туралы Talap орталығының «Қазақстандағы Қытайды қабылдау индексі» зерттеуінде жазылған.

Зерттеуге сүйенсек, Қытай қолдауымен іске асатын Қазақстандағы энергетикалық және инфрақұрылымдық жобалар өскенімен, халық арасында олардың пайдасына деген сенім төмен.

«Экономикалық және әлеуметтік қабылдау арасындағы алшақтықты азайту үшін инвесторларға жергілікті қоғамдастықпен неғұрлым белсенді байланыс қажет», – дейді зерттеушілер.

Бұған қоса, Қазақстан жері Қытайға жалға берілуі мүмкін деген қорқыныш әлі де бар. Ал қытайлық тауарлардың сапасына қатысты күмән сейілген.

2017 жылдан 2023 жылға дейін Ресейге деген қарым-қатынас нашарласа, 2022 жылдан бастап Қытайға деген сенім артқан. Сарапшылардың сөзінше, Қытай жұмсақ саясат жүргізуді жалғастырып келеді. Әсіресе, экономикалық және технологиялық аспектілерде Қытай ықпалы артқан.

Зерттеуден инфографика

Зерттеушілердің жазуынша, Қытайда оқыған Орталық Азия елдерінің жастары Қытайдың өсіп келе жатқан ықпалын мойындайды. Елдің экономикалық жетістіктерін, инфрақұрылымы мен технологиялық инновацияларын жоғары бағалайды.

Алайда Қытайдың «өркениеті басқа» болғандықтан, бұл елдің даму моделін өз елдеріне алып келуге болмайтынын айтқан. Сонымен бірге экономикалық тәуелділік туралы алаңдаушылық білдірген. Студенттерді Қытай ықпалының өскенінен гөрі, өз елдерінің үкіметіне деген сенімсіздік алаңдатады.