Шерзат Полаттың өліміне қатысты істе маңызды куәгерлердің бірі, төбелес кезінде пышақ жарақатын алған ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев полиция қорғауында болмаған. Оны полиция қызметкерлері күзетіп жүрмеген. Бұл туралы отбасының адвокаты Саида Тәуекелова айтып берді.
«Қауіп төндіріп, қорқыту фактілері тек Қаржаубай Нұрымовқа қатысты болғандықтан, біз полиция күзетін тек Қаржаубайға арнап сұратқан едік. Ал Нұрғанат Ғайыпбаев жеке өзі полиция күзетінде болмаған», – деді адвокат.
Яғни адвокаттар күзету қызметін тек Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа сұраған. Ал істің негізгі куәгерлерінің бірі Нұрғанат Ғайыпбаев пен отбасының өзге өкілдеріне жеке күзет қойылмаған. Тек олардың отбасы тұрып жатқан үйді полиция қызметкерлері бақылауда ұстап отыр.
KursivMedia тілшісі куәгерлерді қорғау жолдары туралы заңгер Мария Чечинаға жүгінген.
«Қылмыстық кодекстің 96-бабында қылмыстық процесті жүргізетін орган күдіктінің, айыпталушының, жәбірленушінің, куәгердің және қылмыстық процеске қатысатын басқа да адамдардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарына қатысты жасалған қауіп туралы деректер болса, қауіпсіздік шараларын қолдануға міндетті», – деді заңгер.
Заңгердің айтуынша, күзет қою туралы өтінішпен процеске қатысы бар адамның өзі не отбасы мүшелері де жүгіне алады. Сондай-ақ, тергеу жүргізетін орган өз бастамасымен қорғай алады.
Заңгер Айқар Қаймақовтың айтуынша, қазір Қаржаубай Нұрымовтың үстінен 202 бап бойынша (Өзге адамның мүлкіне зардап тигізу фактісі бойынша) қылмыстық іс қозғалған.
Айта кетейік, осыған дейін ішкі істер вице-министрі Бауыржан Аленов Шерзат Болаттың отбасы тұратын үй полиция қорғауына алынғанын айтқан еді.