Дәл қазіргі жағдайда Шерзат Болаттың жақындарына психологтың көмегінен бұрын әділдік қажет. KursivMedia тілшісі белгілі отбасылық психолог Ержан Мырзабаевқа хабарласып, осы отбасының психологиялық жағдайына қатысты маман ойын білді.
«Қазір фокус, концентрация психологта болып тұрған жоқ. Оларға психолог емес, әділдік керек. Әділдік жоқ жерде психолог көмегінің пайдасы шамалы. Адам жан айқайын айтып, баласын жоғалтып алғанда, тек жауаптылардың қатаң жазаға тартылуын қалайды. Әділдікке қол жеткізгеннен кейін ғана психологиялық травманы емдеу үшін психотерапияға бару керек болады», – дейді.
Маманның айтуынша, психологтың жұмысы бір жақты болмайды. Психолог бұл жалпы процеске қосымша қолдау, көмек. Егер процесс дұрыс жүрмесе, психологтың көмегі де шамалы болуы мүмкін.
«Процесс дұрыс жүріп жатқан болса, психологтың көмегі сол процестен аман-есен тезірек шығуға көмектеседі. Біріншіден отбасы баласын жоғалтып алды. Бұл травмамен жұмыс, жақын адамнан айырылып қалумен жұмыс. Екінші жағынан тергеу барысында түрлі әділетсіздіктер болып жатқанын естіп жатырмыз. Бандиттердің қатысы бар, қысым қөрсетіліп жатыр деп естіп жатырмыз. Іс қандай деңгейде, қалай өрбіп жатыр, қаншалықты әділ өтіп жатыр. Шешім болып жатыр ма, шара қолданып жатыр ма, мұның бәрі психологиялық күйге әсер етіп жатқаны анық», – дейді маман.
Психолог бір ауыртпалықтан айықпай жатып, үйі өртеніп, екінші бір әділетсіздікке ұшырау, одан құтылмай жатып, інісін айырылып шарасыз күйге ену, одан кейін қысым көру, бұған қоса, қоғам тарапынан әртүрлі адамдардың айыптауы психикаға әсер етіп жатқанын айтады.
Маман мұндай ауыр жағдайда терапия жүргізе алатын психолог табу да қиын екенін айтады. Себебі Қазақстанда психологиялық көмектің сапасы көңіл көншітпейді. Сондықтан Шерзаттың әкесіне (Қаржаубай Нұрымовқа) бірінші кезекте жақын адамдарының қолдауы ғана көмектесетінін атап өтті.
Нұрымовтың өзі де іс назардан тыс қалмасын деп өзіне назар аудару үшін әртүрлі әрекетке барып жатқан көрінеді. Себебі зардап шеккен адам ретінде оның ойында іс жабылып қалуы мүмкін деген қорқыныш та болуы мүмкін.
«Қоғам ретінде не істей аламыз? Мәселені көтеру керек, жан-жақты тарату керек, жауапты құзырлы органдардан мәселені өз компетенциясы шеңберінде тез арада шешуін талап ету керек. Қоғамның қысымы қаншалықты жоғары болса, резонанс көп болса, мемлекеттік органдардың әрекеті де жылдамдайды», – деді психолог.
Бұған қоса, Қаржаубай Нұрымовтың інісі Нұрғанат Ғайыпбаевтың өліміне қоғамдық пікір мен оқиғаның әсері болғанын атап өтті.
«Бұл жәй ғана суицид емес, ол осы қиын жағдайдың әсерінен суицидке барып отыр. Біз де тіпті қылмыстық бап бар ғой, өзіне қол жұмсауға жеткізу деген. Осы жағдайға келеді деп ойлаймын. Адамның сыртқы келбетінде ерекшелік болатындай, ішкі жан дүниесінде де ерекшелік болады. Ол осы қысымды көтере алмаған болар. Соңғы жазған хатына қарасақ, туыстарымен қоштасқан екен. Бұл психологиялық ақауға ұқсамайды», – деді маман.
Айта кетейік, Талғарда кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың немере ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев 10 желтоқсанда қайтыс болды.