Жаңалықтар

Досаевтың тапсырмасымен Алматыда «Француз үйі» сүріліп жатыр

Досаевтың тапсырмасымен Алматыда «Француз үйі» сүріліп жатыр / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы қаласының Қала құрылысын бақылау басқармасы Қарағайлы шағын ауданында орналасқан «Француз үйі» тұрғын үй кешенінің бұзылуы басталғанын хабарлады. Бұл шара тапсырыс берушінің құрылыс нормаларын өрескел бұзуына байланысты қабылданған.

Жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстары СЖТ-сыз (сәулет-жобалық тапсырма), жобаның эскизін келісусіз, құрылыс жұмыстарының басталғаны туралы хабарламасыз және қажетті сараптамаларсыз басталғаны анықталды. Осы заңбұзушылықтарға байланысты тапсырыс берушіге әкімшілік шаралар қолданылып, ғимаратты сүру туралы талап арыз сотқа жолданған.

Сот шешімі және атқару жұмыстары

2023 жылдың 26 шілдесінде Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты ғимаратты сүру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім 2023 жылдың 26 қазанында Алматы қалалық сотында да өзгеріссіз қалдырылды. 2024 жылдың 30 қаңтарында атқару құжаты Әділет департаментіне тапсырылып, атқарушылық іс қозғалды.

2024 жылдың желтоқсанында сот орындаушыларының қатысуымен ғимаратты бұзу жұмыстары ресми түрде басталды.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев құрылысқа бақылауды күшейту туралы тапсырма бергеннен кейін заңсыз салынған нысандарды анықтау және сүру жұмыстары қарқын алды. 2023 жылдың басынан бері 55 заңсыз құрылыс, оның ішінде «Мечта», KHAN, «Алма Гарден» тұрғын үй кешендері толығымен немесе жартылай сүрілген.