Қазақстанда футболды дамыту үшін Үкімет қандай шаралар қолданбақ?
Қазақстанда футболды дамытуға басымдық берілетін болды. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді. Атап айтқанда, «Дене шынықтыру және спорт туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп, бірінші оқылымда мақұлданды.
Жаңа заңдағы негізгі өзгерістер
Заң жобасында бірқатар маңызды өзгерістер қарастырылған, соның ішінде:
- Қазақстан азаматы болып табылмайтын спортшыларды мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салу.
- Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын спорт түрлерінің санын қысқарту.
- Олимпиадалық спорт түрі ретінде футболды дамытуға басымдық беру.
Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясы УЕФА мамандарымен бірлесіп, 2034 жылға дейінгі қазақстандық футболды дамыту стратегиясын бекітті. Бұл стратегия:
Футболшыларды даярлау жүйесін жетілдіру мен футбол бизнесі индустриясын құру, халықаралық аренадағы нәтижелерді жақсарту сынды мәселелерді қамтиды.
Премьер-министрдің айтуынша, футбол инфрақұрылымын дамыту бойынша да ауқымды шаралар қолға алынған. Қазіргі таңда республика бойынша:
- 6100 спорт алаңы бар, оның 1200-ден астамы ауылдық жерлерде орналасқан.
- 1500-ден 30 000 орындыққа дейінгі сыйымдылықтағы 28 стадион жұмыс істеп тұр.
- Қызылордада 10 мың орындық жаңа стадионның құрылысы жүріп жатыр, ал алдағы уақытта тағы 12 стадион салу жоспарланып жатыр.
Министрлік барлық стадионды УЕФА-ның халықаралық талаптарына сәйкестендіру жұмыстарын кезең-кезеңмен жүзеге асырады.
Футболды дамытудың нәтижесі қандай болмақ?
Бектеновтің айтуынша, жоғарыда аталған шаралар қазақстандық футболдың сапасын арттыруға бағытталған. Бұған қоса, ауылдық жерлерде балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді.
Футбол саласындағы құқық бұзушылық мәселелерін реттеу Бас прокуратураның құзырында. Ал жалпы футболды дамыту мәселелері Үкіметтің ерекше назарында болмақ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі қазақстандық футболдағы бірқатар мәселелерді көтерген еді.
«Көптеген елдерде футболға қатысты арнайы заң бар. Осы саладағы мәселелерді шешудің бір жолы ретінде Қазақстанда да футбол туралы арнайы заң қабылдау қажет деп есептеймін. Бұл заң барлық клубтар мен спорт ұйымдары үшін бірыңғай ережелерді енгізуге және осы саланы реттеуге мүмкіндік берер еді», – деді Қыдырәлі.