Алматы халықаралық әуежайында көлік тұрағы үшін тарифтер қымбаттайды. Бұл туралы әуежайдың баспасөз қызметі хабарлады.
«Алматы халықаралық әуежайы 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұрақ қызметтерінің сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар мен өсіп келе жатқан пайдалану шығындарын ескере отырып, әуежайдың көлік тұрақтарына жаңа тарифтер енгізілетінін хабарлайды»,- делінген баспасөз хабарламасында.
Әуежай тарифтерді тұрақ қызметін жақсарту мақсатында көтермек. Тарифтерді арттыру есебінен әуежай басшылығы көлік тұрақтарын жаңаратып, келушіге барынша ыңғайлы етуді көздеп отыр.
Атап айтқанда, жаңғырту жұмыстары барысында екінші қабатқа арналған жаңа кіреберіс пандусы салынып, тұрақ орындары кеңейтіледі. Бұдан бөлек көлік нөмірлерін автоматты түрде танитын цифрлық заманауи технологиялар енгізіліп, қызмет көрсету тетігі автоматтандырылады.