Қазақстанда 76 млрд тонна болжамды отын ресурсы бар 15 кен орны анықталды – Өнеркәсіп министрлігі

Жарияланды
15 кен орны болжам бойынша 76 млрд тоннадан астам отын ресурсын бере алады / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда 76 млрд тонна болжамды отын ресурсы бар 15 кен орны анықталған. Бұл туралы Орталық коммуникациялық қызметте өткен брифинг барысында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитетінің төрағасы Ерлан Акбаров айтты.

«Қазіргі уақытта шамамен 76 млрд тонна болжамды отын ресурстары бар 15 шөгінді бассейн бар екені белгілі. Бүгінгі таңда мұнай өндірудің барлық көлемі игерілген 5 бассейнге тиесілі. Олардың ішіндегі ең ірісі – Каспий маңы, ол елдің ресурстық базасының шамамен 80%-ын құрайды. Сонымен қатар қосымша 5 аз зерттелген шөгінді бассейні айтарлықтай перспективаларға ие. Бұл Солтүстік Торғай, Арал, Сырдария, Шу-Сарысу және Ертіс маңы шөгінді бассейндері. Бұл бассейндердің іске асырылмаған көмірсутек әлеуеті әлі де ашылмаған»,- деді комитет басшысы.

Сонымен бірге министрлік өкілі Аралдың аз зерттелген бассейні шегінде Шығыс және Батыс учаскелерінде сейсмикалық барлау жұмыстары жүргізіліп, өңірлік зерттеулер аяқталып қалғанын айтты. Зерттеу барысында 56 мың шаршы шақырым жер барланған. Барлау жұмыстары нәтижесінде «Батыс» учаскесінің болжамды ресурстары 8 млн тоннадан асатын мұнай қоры көлемінде болады деп болжанған.

Бұдан бөлек асыл, түсті және қара металдар бойынша геологиялық жете зерттеу жүргізіліп, 60 перспективалы учаске анықталған. Ал 2023-2024 жылдары жүргізілген барлау жұмыстары нәтижесінде біршама кен орындары мемлекеттік есепке алынған.

Барлау барысында алғаш есепке алынған кен орындары келесідей:

  • қатты пайдалы қазбалар – 27;
  • көмірсутектер – 10;
  • жер асты сулары – 23.

«Нәтижесінде пайдалы қазбалардың ресурстары мен қорлары артып, алтын – 522 тоннаны, күміс 281 мың тоннаны, хром кендері 2383 мың тоннаны, уран 44 мың тоннаны құрады»,- деді Акбаров.

Айта кетейік Арал маңы бассейнінен америкалықтар литий шөгінділеріне барлау жүргізеді. Барлау жобасын америкалықтар өз есебінен қаржыландырады.

Сондай-ақ оқыңыз