Қарағанды облысында онкологиялық ауруды ерте анықтайтын ядролық диагностика орталығы салынады

Жарияланды
Бұл орталық онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған құрылғылармен жабдықталады / Фото: gov.kz

Қарағанды облысында «Orhun Medical» компаниясы онкологиялық науқастарға арналған ядролық диагностика орталығын салады. Бұл туралы Қарағанды облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Orhun Medical» түрік компаниясының өкілдерімен кездесіп, денсаулық сақтау саласында маңызды жобаны іске асыру мәселесін талқылаған. Осының нәтижесінде екі тарап Қарағандыда онкологиялық науқастарға көмектесу үшін ядролық диагностика орталығын салу туралы келісімге келген.

«Orhun Medical» компаниясының қатысуымен қаладағы № 3 көпсалалы ауруханада радиациялық онкология орталығы жабдықталған. Компания орталықта сау тіндерге аз әсер ететін ісіктерді емдеуге мүмкіндік беретін томотерапия аппаратын орнатқан.

Енді инвестор қалада орталық ашуға ниет білдірген. Бұған қажетті жер учаскесі де анықталған. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова ҚР Үкіметі онкологиялық көмек көрсету үшін медициналық инфрақұрылымды жақсарту мақсатында инвестициялық келісімге қол қойғанын мәлімдеді. Жоба 2025 жылдың соңында аяқталады.

«Барлық рәсім аяқталғаннан кейін, құрылыс-монтаж жұмыстарын бастаймыз. 2025 жылдың соңында радиофармпрепараттарды қолдана отырып, заманауи диагностиканы іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл әдіс онкологиялық ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді «Orhun Medical» бас директоры Дирик Гененч.

Компания кадрларды даярлау үшін жергілікті медицина мамандарын оқытады.

Сондай-ақ оқыңыз