Жаңалықтар

Қазақстанның сыртқы қарызы 7,8 трлн теңгеге өседі – Қаржы министрлігі

Қазақстанның сыртқы қарызы
Қазақстанның сыртқы қарызы 2025 жылы 7,2 трлн теңгеден 7,8 трлн теңгеге дейін артады / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазіргі таңда Қазақстанның сыртқы қарызы 7,2 трлн теңгені құрайды. Ал Азия Даму Банкі, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі және Халықаралық қайта құру және даму банкінен алынатын 600 млрд теңгеден астам қарызды қосқанда, мемлекеттің жалпы сыртқы қарызының көлемі 7,8 трлн теңге болады. Бұл жайлы Сенат кулуарында Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл айтты.

Министрлік өкілі бұл қарыздың жеңілдетілген шарттармен берілетінін айтып, не себепті жапон йенасында алынатынын түсіндірді.

«Бюджеттік заңнамада бюджет тапшылығы туралы ұғым бар. Бюджет тапшылығы көрсеткіші жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7%-ды құрап отыр. Бұл үш қарыз бізге жеңілдетілген шарттармен, жапон йенасымен беріліп отыр. Бізге қолжетімді валюталар арасында жапон йенасының бағамы ең төменгі сатыларда»,- деді ол.

Вице-министрлің айтуынша, қарыздың шекті мәніне сәйкес, мемлекеттік борыш көлемі ЖІӨ-ге шаққанда 32%-дан аспауы керек, ал үкіметтік борыш ЖІӨ-ге шаққанда 27,7%-дан аспауға тиіс. Ал бүгінгі таңда мемлекеттік борыш көлемі ЖІӨ-ге шаққанда 22,6%-ды, үкіметтік қарыз – 21,3%-құрайды.

«Жалпы мемлекеттің борышы 30 трлн теңге көлемінде. Оның 7,2 трлн теңгесі сыртқы қарыз. Енді 600 млрд теңге көлеміндегі қарызды алып жатырмыз. Сонда мемлекеттің сыртқы борышы ЖІӨ-ге шаққанда 22,6%-дан 23%-ға, яғни 7,2 трлн теңгеден 7,8 трлн теңгеге өседі»,- деді министрлік өкілі.

Айта кетейік, Сенат қарыз алуға қатысты үш жобаны да мақұлдады. Енді бұл жобаларға президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қоюы керек.

Үкімет Халықаралық қайта құру және даму банкінен – 84,9 млрд йен (275 млрд теңге), Азия Даму банкінен – 52,3 млрд йен (169 млрд теңге), ал Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 52,7 млрд йен (170,7 млрд теңге) борыш алады.

Қазақстанның Қаржы министрі Мәди Такиев елдің сыртқы қарызы көп емес деп санайды. Тіпті халықаралық сарапшылар Қазақстанның сыртқы қарыз көлемін арттыруға толық мүмкіндігі бар деген қорытындыға келген. Соған қарамастан, министр Үкіметтің бюджет шығынын азайтып, кірісін арттыру шараларын қолға алатынын мәлімдеді.