Ол істеген ісі үшін жазаға тартылды – Сенатор Марат Қожаев Қаржаубай Нұрымовтың қамалуына қатысты пікір білдірді
Сенатор, бұрынғы Ішкі істер министрі Марат Қожаев Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың қамалуына байланысты пікір білдірді. Журналистер мұның қаншалық әділетті екенін сұраған еді.
«Бұл іске қатысты барлық ақпаратқа қолжетімді. Түрлі дерек көздерінен оқыдым. Бұл адам құқық бұзды. Сол үшін жауап береді. Заң бәріне бірдей. Заң қатал. Бірақ заңның аты – заң. Бір адам заң бұзса, материал сотқа жіберіледі, сот істі қарап, объективті шешім шығарады. Ол істеген ісі үшін жазаға тартылды», – деді сенатор.
Марат Қожаевтың айтуынша, Қаржаубайдың әрекетінен келтірілген зиян зерттелген. Көліктің дөңгелегін тесіп тастаған.
«Келтірген зиянның құны 200 АЕК-тен асса, ол қылмыстық іс болып табылады. Зерттеу жүргізіліп, тергеу өткізіледі. Содан кейін шешім қабылдайды», – деді бұрынғы ІІМ министрі.
Шерзат Болаттың өліміне қатысты күдіктілердің арасындағы қыздардың үстінен құзырлы органдардың неге қылмыстық іс қозғағысы келмейтіні жөнінде де ойын айтты.
«Қазір тергеу жүріп жатыр. Нақты шешім шыққан жоқ. Бұл жерде қылмыстық құрам тексеріледі. Ол түрлі компоненттен тұрады. Кем дегенде төрт компонент қажет. Объективті, субъективті тараптар, объект және субъект. Олар сәйкес келуі тиіс. Бір нәрсе болмай қалса, мәселен, пиғыл болмаса да, қылмыстық құрам болмайды. Заң деген қалаған нәрсеңді қабылдау емес. Журналистер біреуді жазалағысы келсе, біз дереу дүрсе қоя бермейміз. Жоқ. Заңға сәйкес қарастыруымыз қажет», – деді сенатор.
Қаржаубай Нұрымовтың адвокаттары Нұрқанат Ғайыпбаев жазуы ықтимал қоштасу хабарламаларын құқық қорғау органдарының таратып жіберуіне қатысты да сенатор пікір білдірді. Марат Қожаевтың айтуынша, заңда іс жайындағы ақпараттарды таратуды шектейтін бап бар.
«Десе де, бұл шектеу үзілді-кесілді талап емес. Прокуратураның келісімімен, кейбір ақпарат көпшілікке қолжетімді болуы мүмкін. Бұл не үшін керек? Осы секілді шулы оқиғалар кезінде жағымсыз салдарларды болдырмауды көздейді», – деді сенатор.