2023 жыл қорытындысы бойынша, екінші деңгейлі банктер арасында мемлекетке көп салық төлегендер қатарында Halyk Bank, Kaspi Bank және Центркредит Банк бар екен. Бұл жайлы Мемлекеттік кіріс департаментінің сайтынан анықтадық. Шолуға тек банктер төлеген салық мөлшері алынды, еншілес ұйымдарының қаржысы есептелген жоқ.
Қазақстандық банктер арасында ең көп салық төлеген – Halyk Bank. Былтыр қаржы ұйымы қазынаға 203 млрд теңгеден аса салық төлеген. 2022 жылмен салыстырғанда салық көлемі 2 есеге жуық көбейген. 2 жыл бұрын банк мемлекетке 137 млрд теңге аударған еді. Айта кету керек, банктің кредит портфелі де ең жоғары, 2023 жылы бұл көрсеткіш 9,05 трлн теңгені құраған.
Екінші орында – Михаил Ломтадзе басқаратын Kaspi Bank. 2023 жыл қорытындысы бойынша, Kaspi kz құрамына кіретін қаржы ұйымының ел қазынасына төлеген салық көлемі 93,4 млрд теңгеден асты. 2022 жылы 77,8 млрд теңге аударған еді. Банктің өткен жылдағы кредит портфелі – 4,36 трлн теңге.
Бір жыл ішінде табысын бірнеше есе көбейткен тағы бір қаржы ұйымы – Центркредит Банк. Өткен жылы Бақытбек Байсейітовқа тиесілі банк 62,8 млрд теңге төлеген (кредит портфелі – 2,9 трлн теңге). Бұл 2022 жылдағы төлеммен салыстырғанда (18,3 млрд) үш есе көп.
Отбасы банк 38,4 млрд теңге (кредит портфелі 3,2 трлн тг) және Еуразиялық Банк тобы 37,8 (1,4 трлн тг) млрд теңге төлеген.
Несие портфелі 637 млрд теңге болатын Freedom Bank былтыр ел қазынасына 3 млрд теңге салық төлеген. Одан сәл жоғары Altyn Bank (кредит портфелі 385 млрд тг) және RBK Bank (982 млрд тг) бар. Алғашқысы 8,5 млрд теңге, кейінгісі 8,8 млрд салық аударған.
Жалпы екінші деңгейлі банктердің ел экономикасындағы белсенділігі артып келеді. 2024 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша, екінші деңгейлі банктердің активі 21,4%-ға артып, 58,1 трлн теңгені құрады. Бес жыл ішінде қаржы ұйымдарының мекемелері 2,2 есе өсті.