Қазақстандық Aral Resources Ltd канадалық Laramide Resources компаниясымен үш жылдық келісімге қол қойды. Құжатқа сәйкес, шетелдік кәсіпорын Түркістан облысы Созақ ауданындағы уран кен орындарына геологиялық барлау жүргізеді. Бұл туралы канадалық компанияның ресми сайтында жарияланған.
Aral Resources Ltd Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шу-Сарысу бассейнінде 5,5 мың шаршы аумақтағы кен орындарын зерттеуге 22 лицензия алған еді.
Жаңа опциондық келісім бойынша, Laramide үш жыл аралығында осы Aral Resources кәсіпорны шығарған акцияларды иеленуге құқылы, тиісінше Шу-Сарысу жобасын басқару құқығына да ие болады.
«Опциондық келісімде көрсетілген мерзім аралығында Laramide жобаның операторы болып, сол жобаға қатысты бюджет, бағдарлама, операциялардың барлығына толық бақылау жүргізеді. Әрбір лицензияға байланысты шығындар мен міндеттемелерді орындау үшін Laramide кәсіпорны Aral-ды қаржыландырады», – деп жазылған компания сайтында.
Келісім-шарт талабы бойынша, Laramide үш жыл бойы қолма-қол ақшамен 150 мың доллар төлеп отырады. 400 мың доллар көлемінде бір реттік төлем жасалса, келісім тағы бір жылға созылуы мүмкін. Сондай-ақ Laramide лицензиялық қамтамасыз ету деген талапты орындау үшін Aral-ға 1,4 млн доллар көлемінде пайызсыз несие береді.
2024 жыл соңында Laramide Ұлттық геологиялық қзыметтен арнайы мәліметтер ала бастаған еді. Енді 2025 жылдан бастап компания өңірге геологиялық зерттеу жүргізуге кіріседі, ал төртінші тоқсанда сынақ жүргізіп, бұрғылауды бастайды.
Шу-Сарысу және Сырдария бассейндерінен еліміздегі уранның 75%-ы өндіріледі, ең ірі кен орындарының бірі деп саналады. Бассейнінде мыс орындары да бар, қазір ол жерде Rio Tinto және Fortesque тәрізді корпорациялары барлау жүргізіп жатыр.