Жаңалықтар

Қазақстанда ЕАЭО-мен ынтымақтастықты көздейтін жаңа партия құрылады

Қазақстанда жаңа партия құрылады/ фото: kursiv.media

Бұл жөнінде «Альянс» заң консультациясы палатасының және халықаралық полиграфологтар қауымдастығының мүшесі Ержан Наурызбай хабарлады.

Оның айтуынша, жаңа партия саяси-құқықтық бастамаларымен көзге түсуге тиіс. Саяси ұйым бағдарламасында Еуразиялық экономикалық одақ аясында ынтымақтастық жайына көңіл бөлінетіні көрсетілген.

– Біз негізгі фактор еуразиялық интеграция болуы керек екеніне сенімдіміз. Бұл географиялық орналасуына байланысты, сондықтан біздің периметрлі көршілес елдер аумақтық және ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан басымдыққа ие болуы керек, – деді ол.

Ержан Наурызбай Ресей және Қытай секілді алпауыттармен келісім арқылы жұмыс істеу керек екенін айтты. Оған тарихи себептер мен қазіргі заман ахуалы әсер ететінін алға тартты.

– Партия барлық деңгейдегі сайлауға қатысу, сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ету,  жаңа экономикалық модельді қалыптастыруға жәрдемдесуді мақсат етіп отыр, – деді спикер.

Партия бағдарламасы 15 тармаққа бөлінген. Соның ішінде тәуелсіз бақылаушылар жүйесін қалыптастыру, парламенттік тергеу институтын  іске қосу, коллекторлық қызметке тыйым салу, утильалымды алып тастау қарастырылған. Оған қоса барлығына әскери міндеттілікті алып тастау және кәсіпқой келісімшарт жүйесін құру көзделген.