Жыл басынан бері Астанаға 262 мың ғана шетелдік турист келген

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Астанаға шетелден келген турист аз / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Жыл басынан бері Астанаға миллионнан астам турист келді. Алайда сырттан келетін туристердің үлесі әлі де аз, небәрі 262 мыңға жуық шетелдік елордаға ат басын бұрған.

Елорда әкімдігінің хабарлауынша, 2024 жылдың қаңтар-қыркүйегінде Астанаға 1 097 413 адам келген, олардың басым бөлігін ішкі туристер құрайды. Десе де биыл бас қалаға былтырғы жылға қарағанда 12%-ға көп келген.

«1 097 413 адамның 261 964-і немесе 23,9%-ы – шетелдіктер. Астанаға ең үлкен туристік ағын жаз айларында тіркелді. Сонымен маусымда қалаға 757 068 адам келсе, олардың саны шілдеде – 807 219, тамызда – 829 627 адамға жетіп, бұл бір жылдағы ең жоғары көрсеткішке ие болды»,- делінген елорда әкімдігі таратқан ақпаратта.

Туристердің көбі Астанадағы халықаралық шараларға келген

Осы жылы Астанада ірі халықаралық шаралар көп ұйымдастырылған. Мәселен, «Automechanika Astana 2024», «Eurasian Book Fair», Astana Half Marathon халықаралық көрмелері, әйгілі Дат актері Мадс Миккелсеннің қатысуымен «Comic Con» заманауи гик-мәдениет фестивалі өтті. Сондай-ақ қыркүйекте өткен 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары мен Димаш Құдайбергеннің концерті. Дәл осы екі шараны арнайы тамашалfу үшін ел Астанасына 597 мың турист келіп, рекорд орнатқан.  «Enactus World Cup 2024» студенттік кәсіпкерлік бойынша Enactus Әлем кубогі, грэпплингтен әлем чемпионатынf да келген шетелдіктер болған.

Қазақстан ішінде 6 млн турист саяхаттаған…

Жуырда Туризм индустриясы комитеті Қазақстан ішінде 6 миллионға жуық турист саяхаттағанын мәлімдеді. Комитеттің мәліметінше, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 562 мың адамға артық. 2023 жылы бұл көрсеткіш 5,4 миллион адамды құраған.

Қазақстанның қай қалаларына туристер көп барады?

Жалпы 2024 жылдың алғашқы алты айында Қазақстандағы қонақүйлер мен хостелдердің қызметін 3,4 млн турист пайдаланған. Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті елдегі туристер ең көп келетін nоп-5 қаланы анықтады. 1-орында әдеттегідей Алматы қаласы тұр. Қалаға 2024 жылдың алғашқы алты айында 1 070 358 адам келген. Екінші орында Астана қаласы, қаңтар-шілде аралығында елордаға 677 218 турист келген. 3-орынға Шымкент жайғасты- 252 919 адам. Ақмола облысы 4-орында тұр, аймаққа жарты жылда 227 935 турист келген. 5-орында Шарын шатқалы, Қамшағай су қоймасы, «Алтынемел» ұлттық паркі, Алакөл шипажайлары орналасқан Алматы облысы тұр.

Сондай-ақ оқыңыз