Қазақстанның бұрынғы Президентінің денсаулығы мен жеке өмірі туралы мәліметтер енді мемлекеттік құпияларға жатқызылады және оны таратуға тыйым салынады. Бүгін, 12 желтоқсанда Парламент Сенаты «Мемлекеттік құпиялар туралы» түзету енген заңды мақұлдап, Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қоюына жіберді.
Мұндай норма «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңына енгізілген.
«Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына барлаушылық, қарсы барлаушылық, жедел-іздестірушілік және өзге де қызметті мемлекеттік құпияларға жатқызудан басқа, Қазақстан Республикасы Президентінің және оның отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ұйымдастырылуы, күштері, құралдары мен әдістері туралы мәліметтер, Қазақстан Республикасы Президентінің денсаулық жағдайы мен жеке өмірі туралы мәліметтер, Қазақстан Республикасының экс-Президенттерінің және олардың отбасы мүшелері туралы ұқсас мәліметтерді енгізу бойынша толықтыру енгізіледі»,-делінген қортындыда.
Осыған дейін Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова Қазақстанда Назарбаевтың атындағы «Елбасы медалін» алып тастау әзірге жоспарланып отырмағанын айтқан болатын. Сенат спикері Мәулен Әшімбаев та тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев атындағы награданың күшін жою мәселесі әзірге күн тәртібінде жоқ екенін мәлімдеген.
Еске сала кетсек, 2023 жылы қаңтар айында Парламент «ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы» заңды қабылдады. Бұл құжат Назарбаевты бірқатар артықшылықтардан, соның ішінде Елбасы мәртебесінен айырды.
Айта кетейік, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев соңғы рет 6 қазанда АЭС салуға қатысты референдумда бой көрсетті. Астана қаласындағы №256 учаскеде дауыс беруге келген экс-президент «Табысты болыңдар, бақытты болыңдар!» – деді де, ешкімге қайырылмастан жүре берді.