Қазақстанда миллион теңгеден артық жалақы алу үшін қандай мамандықтарды меңгерген жөн?
Қазақстанда миллион теңгеден артық жалақы алу үшін қандай мамандықтарды меңгерген жөн? Бұл сауалға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауап берді. Ведомство ұсынған мәліметке сенсек, қазір Қазақстанда әзірлеу жөніндегі жобалардың басшыларына, яғни түрлі саладағы топ-менеджерлерге жоғары жалақы ұсынылып отыр.
Қай маман иелеріне миллионнан артық жалақы ұсынылды?
Қазақстанда ең жоғарғы жалақы бүгінде әзірлеу жөніндегі жобалардың басшылық қызметіндегілерге ұсынылған. Оларға ұсынылған айлық орта есеппен 1,3 млн теңгеден басталады. Талдау қызметінің бастығы болғысы келетіндер үшін де қомақты жалақы көзделген, бұл қызметке келгісі келетін мамандар 1,2 млн теңге алады. Үздік үштікті ұшқыштар түйіндеп тұр. Ұшқыштар 1,1 млн теңге еңбекақы сұраған.
«Жұмыс берушілер ең жоғары жалақыны бас құрылысшыларға (орта есеппен 726 мың теңгеден бастап), өндіруші өнеркәсіптегі қызмет бастықтарына (шамамен 649 мың теңге) және диірменшілерге (шамамен 580 мың теңге) ұсынған», – делінген министрлік ұсынған ақпаратта.
Десе де қараша айында Қазақстанның еңбек нарығындағы белсенділік төмендеген. Мәселен, өткен айда Электрондық еңбек биржасында 96,9 мың бос жұмыс орны және 91,7 мың түйіндеме жарияланған. Қазан айымен салыстырғанда, бос орындар саны 22% -ға (26,7 мыңға), ал түйіндеме саны 14% – ға (14,3 мыңға) азайған.
Ең көп бос жұмыс орындары қай өңірде?
Министрліктің мәліметінше, қараша айында ең көп бос жұмыс орындары Астана қаласында тіркелген. Бас қалада 8 мың жұмыс орны бос тұр. Екінші орында Павлодар өңірі, бұл аймақта 6,4 мың жұмысқа мамандар қажет. Елдің оңтүстік астанасы Алматыда 5,8 мың бос лауазым тіркелген.
«Бос орындар санының ең көп қысқаруы Батыс Қазақстан (-52%, немесе -4,8 мың), Қызылорда (-49%, немесе -2,5 мың) және Маңғыстау (-42%, немесе -1,5 мың) облыстарында байқалды. Халық тығыз қоныстанған өңірлер арасында төмендеу Түркістан облысында (-34%, немесе -3,2 мың) және Алматы қаласында (-32%, немесе -3 мың) байқалады», – делінген хабарламада.
Қыркүйек айында бас құрылысшылар мен авиация саласының инженерлеріне, тау-кен өнеркәсібіндегі қызмет басшыларына сұраныс артқан. Жұмыс берушілер мұндай маман иелеріне 500-700 мың аралығында айлық ұсынған.
Өкініштісі, ЕАЭО елдері арасында жалақысы ең аз өскен мемлекет – Қазақстан болып отыр. 2024 жылы Қазақстандағы орта есептегі номиналды жалақы көлемі өсіп, 390 328 теңгені құрады. Былтырғы жылмен салыстырғанда 11,3%-ға көбейген. Осы көрсеткішпен Ресейден кейінгі екінші орынға жайғасты. Ресей азаматтары орта есеппен 418 545 мың теңге еңбекақы алады.