Moody’s 2025 жылға арналған болжамын жариялады, Германия экономикасы 0,4-1,1%-ға өседі, инвесторларға портфелінің 2%-ын биткоинға салуды ұсынды

Жарияланды
Мудис
Moody’s 2025 жылы АҚШ экономикасындағы «дауыл» болуы мүмкін екенін ескертті /Фото: Shutterstock

Moody’s 2025 жылы АҚШ экономикасындағы «дауыл» болуы мүмкін екенін ескертті. Көтерме бағалар АҚШ-та күтілгеннен де жоғары өсім көрсетті. Бірақ трейдерлер ФРЖ келесі аптада мөлшерлемені 0,25%-ға төмендететініне сенімді. Осы және өзге де тақырыптар туралы 12 желтоқсан күніне арналған әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

Moody’s: 2025 жылы экономиканы «дауыл» күтіп тұр

Moody’s Analytics-тің бас экономисі Марк Занди Дональд Трамптың иммиграциялық саясатты қатаңдату және сауда салықтарын көтеру жоспарлары АҚШ экономикасындағы «дауылдарға» жол ашуы мүмкін деп санайды. Бұл туралы CNBC хабарлады. Ол Трамптың сайлауалды уәделерін орындап, «өте агрессивті саясат жүргізетініне» күмәнданбайды.

Зандидің болжамдарымен басқа сарапшылар да келісіп отыр. Goldman Sachs талдаушылары бұған дейін АҚШ еңбек нарығында иммигранттар ең көп жетіспейтін секторларды толтырғанын атап өткен. Ал импорттық салықтардың көтерілуі бизнесте «үлкен белгісіздік туғызып», жұмыс орындарының қысқаруына себеп болуы мүмкін.

Зандидің айтуынша, салықтар тұтынушылардың шығындарына да әсер етуі мүмкін. «Бұл бағаның өсуіне, салықтардың артуына әкеледі», – дейді экономист.

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Трамп импортқа 10-20%-дық салық енгізу ниетін растады. Бұл мөлшер жеткізуші елге байланысты өзгереді.

АҚШ-тағы көтерме бағалар күтілгеннен де жоғары өсті

Өндіріс бағалары индексі (PPI) қарашада 0,4%-ға өсті, бұл Dow Jones консенсус-болжамынан 0,2%-ға жоғары деп хабарлады CNBC. Тамақ өнімдері мен энергия тасымалдаушыларын есептемегенде, негізгі индекс 0,2%-ға өсті, бұл сарапшылардың болжамына сәйкес келеді. Жылдық есептеуде индекс 3%-ға артты. Өсімнің шамамен 80%-ы азық-түлік бағасына тиесілі, ал қызмет көрсету саласы 0,2%-ға қымбаттады.

Инфляцияның тұрақты күйі сақталса да, трейдерлердің басым көпшілігі келесі аптада ФРЖ мөлшерлемені 0,25%-ға төмендететініне сенімді. Мұндай сенімділіктің бір себебі – еңбек нарығының жағдайы. 2020 жылдың желтоқсанынан бастап АҚШ-тың ауылшаруашылығынан тыс секторында жалақы өсті. Дегенмен кейінгі уақытта баяулай түсті. Ал өткен бейсенбіде жұмыссыздық мәселелері бойынша жұмыстан босату санының артуы туралы хабарлар пайда болды.

Осылайша, 7 желтоқсанда аяқталған аптада жұмыссыздық бойынша өтініштер саны 242 мыңды құрады, бұл болжамдалған 220 мыңнан жоғары және өткен кезеңнен 17 мыңға көп.

BlackRock инвесторларға портфелінің 2%-ын биткоинға салуды ұсынды

Әлемдегі ең ірі басқарушы компания – BlackRock сарапшылары инвесторларға портфелінің 2%-ын биткоинға салуды қарастыруды ұсынды деп жазды Reuters.

«Біз инвесторлардың тиісті басқарумен және қабылданатын тәуекел деңгейімен биткойнды бірнеше активтен тұратын портфельге салу мүмкіндігін көріп отырмыз», – деді BlackRock инвестиция институтының инвестициялар бойынша директоры Самара Коэн мен портфельдер бойынша аға стратег Пол Хендерсон.

Олардың пікірінше, бұл криптовалюта басқа негізгі активтермен аз байланысатын болуы мүмкін әрі әртараптандырылған табыс көзіне айналуы ықтимал. Дегенмен инвесторлар биткоинға қатысты тәуекелдерді ескеріп, сақ болуы қажет. «Түбінде ол кеңінен қолданылмауы мүмкін, қазіргі уақытта өте тұрақсыз әрі күрт сатылымдарға бейім», – делінген есепте.

Естеріңізге сала кетсек, BlackRock қаңтарда биткоинға негізделген жаңа биржалық қорларды іске қосқан он компанияның бірі болды. Қазіргі уақытта осы активтердің көлемі 51,1 млрд долларға тең.

2025 жылы Германия экономикасы 0,4-1,1% өседі

Германияның экономикалық зерттеулер институты (Ifo) құрылымдық мәселелерді шешпесе, келесі жылы бұл елдің экономикасы 0,4% өседі деп болжам жасап отыр. Егер дұрыс экономикалық саясат таңдалса, ЖІӨ 1,1%-ға өсуі мүмкін. Бұған дейін Ifo институты қыркүйек айында 0,9%-дық өсімді болжаған еді, деп жазды Reuters.

«Қазіргі кезде бұл стагнация фазасы уақытша әлсіздік пе, әлде тұрақты өзгеріс пе, әлі анық емес», – деді Ifo болжамдар бөлімінің басшысы Тимо Вольмерсхаузер.

Еуропадағы және Германияның көптеген экспорттық нарықтарындағы қатаң ақша-несие саясаты өнеркәсіптік тапсырыстардың көлемінің азаюына әкеліп, экономиканың дамуына теріс әсер етті. Алайда қазір тұтынушылық қабілет қалпына келе бастады, инфляциялық қысым төмендеуде. Ifo келесі жылы инфляцияның 2,3%-ды, ал 2026 жылы 2%-ды құрайтынын болжайды.

Сондай-ақ оқыңыз