Қазақстандықтардың депозитте жинаған ақшасы жыл басынан бері 2,3 трлн теңгеге (11,1%) өскен. Қазір екінші деңгейлі банктердегі депозиттерде халықтың 22,6 трлн теңгесі жатыр. Биыл он айда банктен жаңадан есепшот ашқандардың қатары 9,7%-ға көбейген.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының дерегі бойынша, қазір теңгедегі депозиттердің пайыздық сыйақысы жоғары. Пайыздық сыйақысы жоғары болғандықтан, теңгедегі салымдар 1,5 есе өскен. Ал депозит нарығындағы үлесі 10,6%-ды құрады. 22,6 трлн теңге жинақтың жартысына жуығы – 15 млн теңгеге дейінгі депозиттер. Есепшотта 50 млн теңгеге дейін қаржы жиналған депозиттердің үлесі – 18,0%. Ал 50 млн теңгеден асатын салымдардың үлесі 32,5%-ды құрайды.
Қандай депозит тиімді?
Қазақстандық банктер сақталған валютасы – теңге, толықтыруға болмайтын жинақ депозиттерге жоғары пайыздық сыйақы ұсынады. Мәселен, қолда 1-2 млн теңгеңіз болса, 1-6 айға салып тастасаңыз, орта есеппен жылдық 17,3% сыйақы түседі.
Ал 6-12 ай аралығында ашылған депозиттердің орташа пайыздық сыйақысы – 15,9%-ды, соңғы айын қоса алғанда 12 айдан 25 айға дейінгі жинақтардікі 14,8%-ды құраған.
Ал ақша салып отыруға болатын депозиттердің сыйақысы сәл төмен. 6 айға ашылған жинақтың жылдық сыйақысы – 14,9% болса, 6-12 айға дейінгі депозиттерге орта есеппен 11,7% шамасында сыйақы түседі. Ал 1-2 жылға ашылған, толықтырылатын депозиттердің сыйақысы жылдық 7,7% болды.
Халық арасында теңгедегі мерзімсіз депозиттер сұранысқа ие. Олардың нарықтағы үлесі – 45,9%. Мұндай депозиттер бойынша кез кеген уақытта ақша алуға және үстінен ақша салу болады. Сондықтан да бұл депозиттердің табысы жинақ салымдарға қарағанда төмен, бірақ инфляциядан біршама жоғары. Айталық, қазан айында нарықтық мөлшерлеме 13,9%-ды құрады.
Депозиттердің пайыздық сыйақысы қалай қалыптасады?
Депозиттердің пайыздық сыйақысын белгілегенде, банктер елдегі базалық мөлшерлемені негізге алады. Базалық мөлшерлеме көтерілген кезде, кредиттің пайыздық мөлшерлемесі де, депозиттің пайыздық сыйақысы да жоғарылайды.
Мәселен, биыл Ұлттық банк базалық мөлшерлемені қатарынан 4 рет төмендетіп келіп, 2 желтоқсандағы шешімінде 1 пайыздық тармаққа көтеріп жіберді. Қазір базалық мөлшерлеме 15,25%-ды құрайды.
Базалық мөлшерлеме өскенін ескерсек, банктерде депозиттердің сыйақы мөлшерлемесін көтеруі мүмкін.