Грузияда саяси дағдарыс. Парламент президенттік сайлауды халықсыз өткізбек

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Грузияда президенттік сайлауды халықсыз өтеді
Грузияда президенттік сайлау халықсыз өтеді / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Грузия парламенті президенттік сайлауды халықсыз өткізіп, можаритарлық жолмен таңдауды жөн деп санаған. Елдің қазіргі президенті Саломе Зурабишвили биліктен кетуден бас тартқан.

Грузияда президенттік сайлау 14 желтоқсан күні өтпек. 2024 жылғы сайлау жаңа жүйе бойынша өтеді. Президентті алғаш рет халық емес, 300 адамнан тұратын сайлау алқасы таңдайды. Алқаға жаңа шақырылған Парламенттің 150 депутаты және ел өңірлерінен 150 делегат кіреді. 

Қазіргі президент Саломе Зурабишвили отставкаға кетпейтінін мәлімдеп, сайлауды мойындамайтынын айтты. Ол жаңа парламенттік сайлау өткізу керек деген ойынан айнымайтынын атап өткен. 

Оппозиция да парламенттің жұмысына бойкот жариялады. Сондықтан президенттікке үміткерді тек «Грузин арманы» партиясы ұсынды. Сайлаудағы жалғыз үміткер экс-футболшы Михаил Кавелашвили болды. Ол елдегі «шетелдік агенттер» туралы заңды ұсынып, оны құрастырған адамдардың бірі еді. Кавелашвили оппозиция өкілдерін «АҚШ конгресінің жандайшабы» деп бағалады.

«Грузин арманы» партиясының өкілдері қазіргі президент Саломе Зурабишвилиден президент сарайын босатуды талап етті. Партияның жазуынша, ол сарайдан 29 желтоқсанға дейін кетуі керек. Сол күні жаңа президентті ұлықтау рәсімі өтуі тиіс.

Қазан айында парламенттік сайлаудан кейін, басталған жаппай наразылық акциялары Үкімет еуроинтеграцияны кейінге қалдырғансын, полиция мен бейбіт азаматтар арасындағы қақтығысқа ұласқан. Халық Тбилиси орталығындағы Руставели алаңына жиналып, көшелерді жауып, қарсылық білдіре бастаған. Полиция ондаған адамды ұрып-соғып, суық су мен газ баллондарын шашып, ұстап алып кеткен.

Елдегі саяси дағдарыстың әсерінен АҚШ Грузиядағы 20 адамға визалық шектеу қойды. Олардың арасында парламент пен үкімет мүшелері бар.

Сондай-ақ оқыңыз