Куба және Боливия елдері БРИКС ұйымына мүше болу процесін бастау үшін 2025 жылдан бастап ұйымның серіктестеріне айналады. Бұл туралы ресейлік «Известия» басылымы жазды.
Басылымның ақпаратына сүйенсек, келіссөздер әлі аяқталған жоқ. Олар 2025 жылдан бастап-ақ ұйымға серіктес бола алады.
«Шақыру алған елдер топқа кіреді. Біз олардың серіктес ретінде қосылу тұрғысынан бәрі ойдағыдай болатынына сенімдіміз», – делінген басылымда.
Ресей Сыртқы істер министрлігі ұйымға кіруге шақыру алған мемлекеттерді серіктес мәртебесінде топқа қосу туралы келіссөздер әлі аяқталмағанын айтты.
«Барлық шақырылған елдер үшін бұл үлкен, маңызды перспектива, бірнеше күн қалды, содан кейін тиісті тізім жарияланады», – деп қосты министрдің орынбасары.
23 қазанда Ресей Федерациясы президентінің көмекшісі Юрий Ушаков БРИКС пен серіктес ел бола алатын 13 мемлекеттің тізімі келісілгенін хабарлады. Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин 15 қарашада Таиланд, Индонезия және Малайзия БРИКС-пен серіктес болғанын хабарлады.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап БРИКС (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка) бірлестігі кеңейіп, оның құрамына Египет, Иран, БАӘ және Эфиопия кірді. Қазақстан ұйымға кіруден бас тартқан.