Lifestyle

Өзбек боксшысы Абылайхан Жүсіповті тістегені үшін алтыннан қағылды

Абылайхан Жүсіпов Азия чемпионы атанды / фото: olympic.kz

Қазақстандық боксшы Абылайхан Жүсіпов Таиландтың Чианг Мэй қаласында өткен Азия чемпионатында 71 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Жекпе-жек нәтижесі IBA және ASBC ұйымдарының шешімінен кейін қайта қаралды.

11 желтоқсанда өткен финалда Aбылайхан Жүсіпов өзбекстандық Хавасбек Асадуллаевпен кездесті. Қазақстан бокс федерациясының мәліметінше, жекпе-жек кезінде қарсылас тарапынан спорттық ереженің өрескел бұзылғаны анықталды. Шаршы алаңдағы төреші, сербиялық Джована Угренович, ережені бұзғанына назар аудармаған.

Қазақстан тарапы осы жағдайға байланысты IBA (Халықаралық бокс қауымдастығы) мен ASBC (Азия бокс конфедерациясы) ұйымдарына ресми шағым хат жолдады. Федерация өз дәлелдерін фото және видео материалдармен растады.

Жекпе-жек материалдары қайта қаралып, комиссия өзбекстандық боксшының тәртіп бұзғанын растады. Нәтижесінде: Абылайхан Жүсіпов 71 келі салмақта Азия чемпионы деп танылды. Ал өзбекстандық боксшы Хавасбек Асадуллаев белгілі мерзімге жарыстардан шеттетілді.

Таиландта өткен Азия чемпионатында Абылайханнан бөлек тағы Айбек Оралбай, Бекзат Нұрдәулетов, Сағындық Тоғамбаев, Махмұд Сабырхан алтын ұтып алды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Геннадий Головкин Халықаралық бокс федерациясы Олимпиадалық комиссиясының төрағасы атанған еді.