Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңіндегі қарсыластарын білді. Бұл туралы Футбол федерациясы хабарлады.
13 желтоқсанда Цюрихте (Швейцария) футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне жеребе тарту рәсімі өтті. Қазақстан ұлттық құрамасы J тобына түсіп,
Бельгия, Уэльс, Солтүстік Македония, Лихтенштейн елдерімен бақ сынасатын болады.
Жеребе тартуға барлығы 54 команда қатысты. Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл Қазақстан құрамасы үшін әлем чемпионатының Еуропалық іріктеу кезеңіне қатысатын алтыншы мүмкіндігі болмақ. Осыған дейін Қазақстан құрамасы 2006, 2010, 2014, 2018 және 2022 жылдардағы әлем чемпионатының іріктеуіне қатысқан. Алайда, бірде-бір рет финалдық кезеңге өте алмаған.
2026 жылғы әлем чемпионатына УЕФА-дан 16 команда жолдама алады: Топтық кезеңнің 12 жеңімпазы тікелей финалдық кезеңге өтеді. Қалған 4 орын талас матчтары арқылы анықталады. Оған топта екінші орын алған 12 команда және Ұлттар лигасы арқылы іріктелген 4 команда қатысады.
Іріктеу матчтары 2025 жылдың наурыз-қараша айлары аралығында өтеді. Талас ойындары – 2026 жылдың наурызында.
Айта кетейік, футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексика елдерінде өтеді. Финалдық кезеңнің матчтары 11 маусымнан 19 шілдеге дейін жалғасады.
Бұған дейін, Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов елімізде олимпиадалық спорт түрі ретінде футболды дамытуға басымдық берілетіні туралы мәлімдеген еді.