Жаңалықтар

Қаржаубай Нұрымовты 15 тәулікке қамау туралы сот үкімі өзгеріссіз қалды

Қаржаубай Нұрымовқа қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы облысы бойынша апелляциялық сот алқасы Қаржаубай Нұрымовқа қатысты шыққан Еңбекшіқазақ ауданы әкімшілік сотының шешімін өзгеріссіз қалдырды. Адвокаттардың шағымы қанағаттандырылған жоқ. Сот шешіміне сәйкес, Қаржаубай Нұрымов 15 тәулік қамауда болады.

Еңбекшіқазақ аудандық соты Қаржаубай Нұрымовты әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін айыпты деп тауып, оны 15 тәулікке қамау туралы шешім шығарған. Адвокаттар сот шешіміне шағым түсіріп, оны қайта қарауды сұраған. Алайда апелляциялық сот алқасы бұл шешімді өзгеріссіз қалдырып, адвокаттардың өтінішін қанағаттандырмау туралы қаулы шығарды.

Еске сала кетейік, бұдан бөлек Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Оның себебін Алматы облысының полиция басқармасы түсіндірген еді.

Полиция ақпаратына сүйенсек, 10 желтоқсанда Нұрымов полиция автокөліктердің бірін бүлдірген. Осыған байланысты қылмыстық іс бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру фактісі бойынша тіркелген. 

Сонымен қатар Шерзаттың әпкесі Бақыт Реймова да «халықты митингіге шақырғаны» үшін айыпталып, 15 тәулікке қамалып отыр. Тағы бір туысы шет елдің азаматы ретінде елден мәжбүрлі түрде кетеді.