Lifestyle

Тәуелсіздік күніне орай Ыстанбұлда «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсы қойылады

Тәуелсіздік күні қарсаңында Ыстанбұлда қазақша опера қойылады / фото: Абай атындағы ҚазҰОБ театры баспасөз қызметі

Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында Ыстанбұлдағы Ататүрік мәдени орталығының сахнасында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсы қойылады. Қойылым 15-16 желтоқсан күндері болады.

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл тарихи қойылымда Ұлы Дала тарихындағы маңызды кезең – Алтын Орданың құрылуы мен оның рухани мұрасы көркем сахна тілімен баяндалады.

Операда 300-ден астам әртіс өнер көрсетеді. Қойылымға театрдың балет бишілері, хоры және симфониялық оркестрі қатысады.

Операның кейіпкерлері мен мазмұны

Операның басты кейіпкері – Хан Сұлтан, Жошы ханның үшінші әйелі және Алтын Орданың билеушісі Берке ханның анасы. Оның ақылдылығы мен қайсар мінезі, саяси көрегендігі арқылы Алтын Орда тарихындағы орны ерекше. Хан Сұлтан – тек өз ұлысын ғана емес, бүкіл түркі әлемін рухани біріктіруге үлес қосқан тарихи тұлға.

Операның идея авторы – Айнұр Көпбасарова. Либреттосын Алмас Нүсіп жазса, ақын Маралтай Ыбыраев тарихи оқиғаларды поэтикалық туындыға айналдырды. Композиторы – Хамит Шанғалиев, ал қойылымды атақты итальяндық режиссер Давиде Ливермор сахналады. Қоюшы дирижері – Нұржан Байбосынов.

Операда басты рөлдерді қазақстандық танымал әртістер сомдайды:

  • Хан Сұлтан – Зарина Алтынбаева, Венера Алпысбаева;
  • Жошы хан – Мақсат Саматов;
  • Шыңғыс хан – Евгений Шагаров;
  • Бөрте – Гүлзат Дәуірбаева;
  • Берке хан – Фархат Кубиев;
  • Бату – Есенгелді Рза.

Алтын Орда мұрасы түркі халықтарын біріктіретін маңызды рухани қазына саналады. Опера жазу барысында белгілі тарихшылар мен ғалымдар, соның ішінде Ильнур Миргалеев, Ілияс Кемалоглу және Нұрлан Атығаев кеңесші ретінде үлес қосты.

Бұған дейін 29 қараша – 1 желтоқсан аралығында Алматыда өткен премьера көрермендердің жоғары бағасын алып, барлық билет алдын ала сатылып кеткен болатын.