Алматы облысының әкімі Талғардағы трагедияға қатысты халықты дүрлікпеуге шақырды

Жарияланды
Алматы облысының әкімі Талғар оқиғасына қатысты пікір білдірді / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғардың қылмыстық тобына қатысы бар деген әңгімелерден соң жұмысынан кеткен «Хуторлық Хасанның» ағасы Аслан Қасымбаев жөнінде пікір білдіріп, соңғы оқиғаларға қатысты халықты дүрлікпеуге шақырды. Бұл туралы әкім Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты.

Жиын барысында журналист әкімнен Талғардағы хуторлықтардың ұйымдасқан қылмыстық тобы (ҰҚТ) туралы сұрады.

«Ресми түрде мұндай топ жоқ делінеді. Талғарда не болып жатыр? Осыған қатысты сіз не айтасыз?» – деді журналист.

Әкім Талғардың криминалға толы көлеңкелі тұсы туралы айтпай, қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, өңірдің жетістіктері туралы айтты.

«Талғар әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан алғанда өте белсенді қала. Бұл өңір жақсы дамып келеді. Қаладағы криминалды жағдай туралы айтатын болсақ, ұйымдасқан қылмыстық топ жоқ. ІІМ де бұл ақпаратты растады. Осы өңірдің тумасы ретінде, қалада ешқандай қылмыстық топтың жоқ екенін мәлімдеймін», – деді әкім.

Журналист ҰҚТ жоқ болса, не себепті Аслан Қасымбаевтың қызметтен кеткенін сұрады. Сұлтанғазиев Хуторский Хасанның ағасының өз еркімен кеткенін айтты. Ал соңғы трагедиялық оқиғаларға қатысты халықты тек сенімді әрі ресми ақпаратқа сенуге шақырды.

«Ол отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Бұл мәселе біздің жіті бақылауымызда. Қазіргі таңда құзырлы органдар тергеу жүргізіп жатыр. Тергеуді Ішкі істер министрі мен Бас прокурор өз бақылауына алды. Менің аудиторияға айтарым – сабырлық сақтап, құқық қорғау органдарының ғана мәліметтеріне сеніңіздер. Өйткені құзырлы органдар қазір ашық түрде жұмыс істеп жатыр», – деді әкім.

Сондай-ақ оқыңыз