23 желтоқсаннан бастап букмекерлік кеңселер мен казиноға барған адамдардың жеке деректері ҚМА-ға жіберіле бастайды
Енді букмекерлік кеңселер мен казинолар Қаржы мониторингі агенттігіне клиенттері туралы мәлімет бере бастайды. Заң 2024 жылдың 23 желтоқсанында күшіне енеді.
Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының 2024 жылғы 6 желтоқсандағы № 9 бұйрығымен «Букмекерлік кеңсенің қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың аппараттық-бағдарламалық жүйелерін интеграциялау арқылы берілетін ақпараттың қағидалары, тізбесі және нысандары» бекітілген.
«Бекітілген бұйрық букмекерлік кеңсені және тотализаторды басқаратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың аппараттық-бағдарламалық жүйелерін қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның ақпараттық жүйелерімен интеграциялау арқылы өзара іс-қимылды айқындайды»,- делінген құжатта.
Букмекерлік кеңселер азаматтарға қатысты қандай деректерді береді?
Букмекерлік кеңселер Қаржы мониторингі агенттігіне азаматтарға қатысты мынадай деректерді таратады:
- Жеке сәйкестендіру нөмірі;
- Букмекерлік кеңсенің және (немесе) тотализатордың ақшалай қаражатты алған күні мен уақыты;
- Ойын бизнесін ұйымдастырушы алған ақша сомасы;
- Ойын бизнесін ұйымдастырушыдан жеке тұлғаның қаражатты алған күні мен уақыты;
- Жеке тұлғаның ойын бизнесін ұйымдастырушыдан алған ақша сомасы.
Айта кетейік, бұл заң жобасы туралы KursivMedia тарқатып жазған болатын. Ол мақаламен мына сілтеме арқылы таныса аласыз.