Жаңалықтар

23 желтоқсаннан бастап букмекерлік кеңселер мен казиноға барған адамдардың жеке деректері ҚМА-ға жіберіле бастайды

букмекерлік кеңселер мәлімет
23 желтоқсаннан бастап букемекерлік кеңселер мен казиноларға барған адамдардың жеке деректері ҚМА-ға жіберіліп отырады /Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Енді букмекерлік кеңселер мен казинолар Қаржы мониторингі агенттігіне клиенттері туралы мәлімет бере бастайды. Заң күшіне 2024 жылдың 23 желтоқсанында күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының 2024 жылғы 6 желтоқсандағы № 9 бұйрығымен «Букмекерлік кеңсенің қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың аппараттық-бағдарламалық жүйелерін интеграциялау арқылы берілетін ақпараттың қағидалары, тізбесі және нысандары» бекітілген.

«Бекітілген бұйрық букмекерлік кеңсені және тотализаторды басқаратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың аппараттық-бағдарламалық жүйелерін қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның ақпараттық жүйелерімен интеграциялау арқылы өзара іс-қимылды айқындайды»,- делінген құжатта.

Букмекерлік кеңселер азаматтарға қатысты қандай деректерді береді?

Букмекерлік кеңселер Қаржы мониторингі агенттігіне азаматтарға қатысты мынадай деректерді таратады:

  • Жеке сәйкестендіру нөмірі;
  • Букмекерлік кеңсенің және (немесе) тотализатордың ақшалай қаражатты алған күні мен уақыты;
  • Ойын бизнесін ұйымдастырушы алған ақша сомасы;
  • Ойын бизнесін ұйымдастырушыдан жеке тұлғаның қаражатты алған күні мен уақыты;
  • Жеке тұлғаның ойын бизнесін ұйымдастырушыдан алған ақша сомасы.

Еске сала кетсек, елде лудоманияға қатысты заң қабылданған. Оған сәйкес, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды сыртқы (көрнекі) жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино -, видео-және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынады

Айта кетейік, бұл заң жобасы туралы KursivMedia тарқатып жазған болатын. Ол мақаламен мына сілтеме арқылы таныса аласыз.