Сақтандыру сыйлықақысы ретінде берілген зейнетақы жинақтарын қайтарып алуға бола ма?

Жарияланды
Конституциялық сот cақтандыру сыйлықақыларына қатысты норманы қайта қарайды / Фото: ашық дереккөз; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Сақтандырушыға сақтандыру сыйлықақылары ретінде берілген зейнетақы жинақтары сақтандыру компанияларының меншігіне жатқызыла ма? Бұл мәселе Конституциялық сотта қаралады.

«Конституциялық Сот Азаматтық кодекстің сақтандыру ұйымдарының зейнетақы аннуитеті шарты бойынша алынған сақтандыру сыйлықақыларына меншік құқығына қатысты нормасын тексереді»,- деп хабарлады Конституциялық соттың баспасөз қызметі.

Конституциялық Соттың азаматтың өтініші бойынша Азаматтық кодекстің (Ерекше бөлім) 818-бабы 1-тармағының екінші абзацын Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы отырысы өтті.

Азаматтық кодекстің 818-бабы 1-тармағының екінші абзацына сәйкес, сақтандырушы алған сақтандыру сыйлықақылары оған меншік құқығымен тиесілі болып саналады.

Ал конституциялық сотқа жүгінген азамат бұл норманың Конституцияға сәйкестігін анықтауды талап еткен. Ол сақтандырушыға сақтандыру сыйлықақылары ретінде берілген зейнетақы жинақтары сақтандыру компанияларының меншігі болып саналуына қатысты мәселеде нақтылық жоқ екенін алға тартқан. Өйткені соттарда Азаматтық кодекстің (Ерекше бөлім) осы нормаларын қолдана отырып, сот шешімінсіз мүліктен айырып, меншік құқығын қорғау туралы Конституциялық нормалардың орындалмау оқиғалары жиілеп кеткен. Өтініш беруші зейнетақы жинақтарының заңмен кепілдендірілгенін негізге ала отырып, мұндағы қаражаттың басқа біреудің меншігіне берілмейтін мұра екенін алға тартқан.

Бұл норманы Конституцияға сәйкестігін анықтауға бағытталған отырысқа Парламент Палаталарының, Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Қаржы мониторингі агенттігінің, ҚР БП жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының, Республикалық адвокаттар алқасының, парламентаризм, заңнама және құқықтық ақпарат институттарының өкілдері және сақтандыру омбудсмен қатысқан.

Конституциялық сот бұл мәселеге қатысты шешім шығарған жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз