Ақтауда Назарбаев резиденцияның орнына стадион мен мешіт салынады
Ақтауда бұрынғы резиденцияның орнына стадион, үлкен мешіт және балалар алаңы салынады. Бұл аумақ қаланың бас жоспарына енгізілген.
Lada хабарлауынша, бұл жөнінде Маңғыстау облысы Нұрдәулет Қилыбаев мәлімдеме жасаған. Аймақ басшысының айтуынша, бұл жер телімінің ауданы – 225 гектар. Ол жерге он мың адамға арналған стадион, мешіт, балалар алаңын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар жағалауда шағын және орта бизнестің дамуын көздейтін нысандар да бой көтермек.
«Аймақ қаланың бас жоспарына кіргізілді. Мелекеттік сараптамаға дайындық және келісу кезеңі жүріп жатыр. «Самал» ықшам ауданында орналасқан жер телімі 2023 жылдың жазында мемлекет меншігіне өтті. Бұрын бұл аумақтың құны бір миллиард теңге деп бағаланған», – деді облыс әкімі.
2023 жылы бұрынғы резиденция балаларға арналып қайта құрылатыны жөнінде сөз болған. Бірақ қала әкімдігі ол кезде нақты шешім шығармаған еді.