Ресей жолдарын жауып тастады: шекарада жүк көліктері өте алмай, қаңтарылып тұр

Жарияланды
Ресейдің федералды трассаларында қозғалыс уақытша шектеліпті/Фото: скриншот

Қазақстан мен Ресей шекарасында жүк көліктерінің ұзын-сонар кептелісі пайда болды. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, 500-ге жуық көліктер сарылып тұр. Өйткені Ресей тарапы жолды жауып тастаған. Құзырлы орган мұның себебін қолайсыз ауа райымен байланыстырып отыр.

«Мемлекеттік кірістер комитеті 2024 жылғы 13 желтоқсанға қараған түннен бастап «Сырым» автокөлік өткізу пунктінде Ресей Федерациясына қарай 450-500 жуық жүк көлігінің жиналғанын хабарлайды», – делінген мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.

Комитеттің дерегінше, 2024 жылдың 12 желтоқсанынан бастап Батыс Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясының Самара облысының аумағында ауа райы нашарлаған. Қалың қар, боран, көктайғақ. Соған байланысты кептеліс пайда болған.  

Оның үстіне Ресейдің федералды трассаларында қозғалыс уақытша шектеліпті. Солтүстік көршіміздің ТЖМ мәліметтеріне қарағанда, шектеулер шамамен 2024 жылдың 13 желтоқсанында сағат 22:00-ге дейін созылады.

«Осыған байланысты, жүк көліктерінің жүру бағыты бойынша қозғалу мүмкіндігі жоқ және олар ауа райының жақсаруын күтуде», – делінген хабарламада.

Мемлекеттік органдар бұл жағдайды жүргізушілерге түсіндіріп, ауа райы жақсарғанша, кемпингтерде күтуге немесе басқа облыстардағы өткізу пункттері арқылы шекарадан өтуге шақырып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз