Жаңалықтар

The Telegraph Ресей жансыздарының Қазақстанға қарсы қалай жұмыс істегенін жазды

Сенімге кіру үшін қазақстандық әріптестеріне ресейлік арнайы қызмет өкілдері ұйымдасқан наразылық акциялары туралы жалған барлау мәліметтерін беріп отырған/фото: Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ресейлік жансыздар  Just Stop Oil өкілдерімен кездесіп, Қазақстанға қарсы жалған ақпарат таратып, шабуыл жасауға келіскен. Оның ішінде елшілікке шошқа қанын шашу әрекеті де бар. Лондонда өтіп жатқан сот залында осындай нұсқа айтылып отыр.

The Telegraph-тың жазуынша, Грейт-Ярмуттағы үйінде отырып шпиондық желіні басқарған Орлин Русев сотта климатты қорғауды көздейтін белсенділермен кездесіп, Лондондағы қазақ елшілігіне қан шашуды жоспарлағанын айтқан.

Оның сөзіне қарағанда, сенімге кіру үшін қазақстандық әріптестеріне ресейлік арнайы қызмет өкілдері ұйымдасқан наразылық акциялары туралы жалған барлау мәліметтерін беріп отырған.

Шпионның сөзіне сенсек, Қазақстан арнайы қызметі Ресей тарапының мәліметтеріне аса сенбеген. Бұған көзі жеткен соң, ол пэр, баронессаға және басқа екі депутатқа Қазақстанда «бұзылып жатқан адам құқығы» туралы парламентте мәселе көтеруге тапсырма берген.  

Русевке Ян Марсалек Кремль атынан бұйрық беріп келген. Тұзаққа түсіру мақсатымен Тоқаевтың ұлын қаралайтын жалған гей-порно жасауды талқылапты. Алайда іске асырып үлгермеген.

Бұл екі жансыз – Русев пен Марсалек, Саша Барон Коэнді жалдап, Қазақстан режимін сынайтын «Борат» бейнеролик түсірмек болыпты. Сонымен қатар Владимир Путинді қолдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарсы санкция салуға шақырып, Еуроодақ елдерінің басшыларына хат жолдауды жоспарлаған. Тіпті Қазақстан билігін қаралап, қорқытып-үркіту үшін арнайы сайт ашқан. Жалған ақпарат науқаны 2021 жылы күзге жоспарланыпты.

Кремль жансызы делінген Марселекті Интерпол іздеп жүр. Оған 2020 жылы банкротқа ұшыраған Wirecard компаниясына байланысты құны 1,6 млрд фунт стерлинг болатын алаяқтық іске қатысы бар деген күдік келтіріліп отыр.