Жаңалықтар

Қызылордада секс-құлдыққа түскен оқушы қыздың ісіне қатысты тағы бір адам сотталды

Сотталушы жас қыздың балиғатқа толмағанын білсе де, бопсалап, бірнеше мәрте жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген/Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қызылордада 16 жастағы қызды жезөкшелікке мәжбүрлеген тағы бір адам сотталды. Сотта бұл адамның алаяқтық бойынша басқа да қылмыстарға қатысы бары анықталып отыр.

«Қызылорда облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сотталушы К-ға қатысты кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту, сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену деректері бойынша қылмыстық істі қарады», – делінген Қызылорда соттары хабарламасында.

Соттың анықтауынша, сотталушы жас қыздың кәмелетке толмағанын білсе де, бопсалап, бірнеше мәрте жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Ол аз болса, бір жер телімін бірнеше адамға сатып жіберген. Мұнымен қоймай, «әкімдікке жұмысқа тұрғызамын» деп те алаяқтық жасаған.

Соттың пікірінше, сотталушының кінәсі сараптама қорытындысы, айғақтар, беттестіру хаттамалары арқылы толық дәлелденіп отыр. Жас балалары, бұрын сотталмағаны, қылмысты ауырлататын жағдайлардың болмағаны ескеріліп, оған 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалды.