2025 жылы ауыл тұрғындары үшін берілетін шағын несие көбейеді. Ол үшін келер жылға «Ауыл аманаты» бағдарламасына 50 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтында жазылды.
Шағын несие Түркістан (7,4 млрд теңге), Қызылорда (5,5 млрд теңге), Жамбыл (5 млрд теңге) және Ақтөбе облысының (4 млрд теңге) азаматтарына беріледі.
Жоба аясында шаруалар өсімдік шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау, мал шаруашылығын дамыту деген бағыттар үшін несие ала алады. Мерзімі 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін ұзартылды. Әр тұрғынға берілетін максималды сома 8 млн теңгеден асады, ал шағын және орта шаруа қожалықтары немесе кооперативтерге 27 млн теңгеден беріледі. Жылдық сыйақы мөлшері 2,5%-дан аспайды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы 2023 жылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін басталған. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтың сөзінше, осы жылы 4,7 млрд теңге сомасына 426 шағын несие берілді. Елдімекендерде 614 жаңа жұмыс орны ашылды. 2023 жылы мемлекет тарапынан 17 млрд теңге бөлініп, қазақстандықтарға 100 мың несие берілген.