Қазақстандағы РФ елшілігі арқылы Ресей азаматтығынан бас тартып жатқандар көбейді
Қазақстанда Ресей азаматтығынан бас тартып жатқандар көбейді. Соңғы үш айда РФ елшілігі арқылы 13 адам көрші елдің азаматтығын алуға өтініш берсе, 121 адам бас тартуға өтініш берген. Бұл туралы Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігінің сайтында жарияланған.
Мәселен, 2024 жылдың желтоқсанында 7 адам РФ азаматтығын алуға өтініш берсе, 40 адам бас тартқан. Ал қарашада 5 адам азаматтық қабылдап, 38 адам шығуға өтініш берген.
РФ-нің Алматыдағы бас консулы Дмитрий Тураевтың сөзінше, қазір Қазақстанда 80 мың релокант жүр. Олардың көпшілігі Алматы, Шымкент тәрізді оңтүстік аймақта.
«Ең көп шоғырланғаны, осында, Алматыда. 90%-ға жуық. Бұл жерде 2022 жылдан кейін Ресей Федерациясынан Алматыға және оңтүстік Қазақстанға шоғырланған азаматтар туралы сөз болып тұр. 2022 жылдың соңында бұл цифр 300 мыңға дейін жеткен еді, ал қазір олардан 80 мыңға жуық адам қалды», – деп мәлімдеді Тураев.
Дипломаттың сөзінше, ресейлік мигранттар саны Қазақстанда соңғы екі жылда қатты азайып кеткен.
Әділет министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары ҚР азаматтығын алуға өтініш бергендер саны артқаны байқалды. 2022 жылы 22 115 адам ҚР азаматтығын алса, 2023 жылы 26 мыңнан аса адамға көк құжат берілді. 2024 жылдың алғашқы 6 айында 10 495 адам ҚР азаматтығын алған. Олардың ішінде Өзбекстан (4484) және Қытай(2014) азаматтары көп. Одан кейінгі орында Түркіменстан (1226) және Ресей (1054) тұр.
Айта кетейік, биылдан бері Қазақстан азаматтығын алу тәртібі де өзгерді. Енді мемлекеттік тіл мен Қазақстан тарихын білмейтін азаматтардың өтініші қабылданбайды.