Қаңтар оқиғасында соққыға жығылған қырғыз әншісі Викрам Рузахунов полиция қызметкерлерінен өтемақы өндірмек

Жарияланды
Қырғыз әншісі Викрам Рузахунов полиция қызметкерлерінен

Қырғыз әншісі Викрам Рузахунов Қаңтар оқиғасы кезінде соққыға жығылған. Енді ол қазақстандық алты экс-полицейден 61 млн теңге өтемақы өндірмек. Алматы облысы Қарасай ауданында адамдарды азаптау дерегі бойынша ұсталған күштік құрылым қызметкерлеріне қатысты сот процесі жүргізілуде. Сот отырысына қатысып жүрген әншінің адвокаты Елена Жигаленок  моральдық және материалдық тұрғыда шығын өндіруді көздеп отырғандарын хабарлады. Бұл жөнінде журналист Данияр Молдабек жазды.

2022 жылы 9 қаңтарда отандық телеарналар қырғызстандық пианист Викрамның ұсталғанын хабарлады. Оған көтеріліске қатысқаны үшін 91 мың төленген деген айып тағылды. Бішкек билігі әншінің жазығы жоқ екенін айтып, қырғыз тарапы қорғап шықты.

Ертеңіне пианист бостандыққа шықты. Кейін Жоғарғы сот ІІМ-нің жария түрде кінәсін мойындауға мәжбүрлегені үшін кешірім сұрауын талап еткен музыкант шағымын қабылдамаған.

Биыл ҚР Бас прокуратурасы Викрамға зорлық-зомбылық көрсетуге қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Атышулы іске қатысы бар деген айып тағылған Алматы облысы Қарасай аудандық арнайы абақты мен полиция басқармасының басшылары қамауға алынған.

Астана қаласының Алматы аудандық соты әншінің арызын мақұлдамаған. Астанадағы аудандық сот отырысында Алматы қаласы полиция департментінің баспасөз қызметшісі Салтанат Әзірбек куәгер болған. Ол қырғызстандықтың тұтқындар қатарында болғанын, одан жауап алынғанымен, ешкім қол жұмсамады деген сөзінен танбаған. Ұсталғандарды тергеу жөнінде кімнің тапсырма бергенін білмейтінін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз