Lifestyle

Астаналықтар сол жағалаудан оң жағалауға жету үшін қай көшелерде кептелісте көп тұрады?

Астаналықтар жұмыс және демалыс күндері кептелісте қанша уақытта тұрады? / Фото: kursiv.media архив 

Астана жұрты қарбалас уақыттарда кептелісте қанша уақыт тұрады? Сол жағалаудан оң жағалауға жету үшін және кері бағытта әртүрлі маршуттармен қанша уақыт жұмсайды. Бұл сұрақтарға Sergek Group мамандары жауап берді. Мамандар тұрғындардың жұмыс және демалыс күндері жолға қанша уақыт кететінін есептеп көрді.

Жолаушылар қай көшелерде кептелісте ұзақ тұрады?

Мамандар сол жағалаудағы негізгі нүкте ретінде Қабанбай батыр даңғылы мен Рысқұлов көшесінің қиылысында орналасқан Mega Silk Way сауда-ойын-сауық орталығы таңдаған. Ал, оң жағалауда негізгі нүкте ретінде Бөгенбай батыр мен Республика даңғылдарының қиылысы таңдап, бақылап көрген.

Талдау барысында оң жағалауға қарай ең тығыз қозғалыс дүйсенбі мен бейсенбі күндері байқалған. Мәселен, Mega Silk Way-ден Богенбай батыр – Республика қиылысына Қабанбай батыр даңғылы арқылы жету үшін астаналықтар жолға жұмыс күндері сағат 17:00 мен 18:00 аралығында 1 сағат 46 минут, ал 18:00 мен 19:00 аралығында 2 сағат 12 минут уақыттарын жұмсайды. Ал демалыс күндері дәл осы бағытта және осы уақыт аралықтарында жолға 1,5 сағаттан 2 сағат 19 минутқа дейін уақыт кетеді. Кептеліс болмаған кезде бұл маршутағы жолды 32 минутта ғана жүріп өтуге болады.

«Ал сол жағалауға қарай ең тығыз қозғалыс сәрсенбі мен жұма күндері болады. Бөгенбай батыр даңғылынан Mega Silk Way-ге дейін 18:00 мен 19:00 аралығында Қабанбай батыр даңғылы арқылы жету үшін астаналықтарға кемі 2 сағат уақыт қажет. Демалыс күндері осы уақыт аралығында бұл жолға 2 сағат 13 минут кетсе, кептеліссіз уақыттарда бұл қашықтықты небәрі 25 минутта өтуге болады»,- делінген хабарламада.

Фото: Sergek Group

Sergek ITS мамандарының мәлімдеуінше, Астанада оң жағалау мен сол жағалауды жалғайтын ең жылдам маршрут Тұран даңғылының бойы болып отыр. Бұл бағыт бойынша орташа тәуліктік уақыт 50 минутты құрайды. Ал Қабанбай батыр даңғылымен жүру уақыты сәл көбірек, 58 минуттай уақыт кетеді.

Жүргізушілерге кешкі қарбалас уақытта оң жағалауға жету үшін Тұран даңғылы немесе Мәңгілік ел даңғылымен жүру тиімдірек болады. Оған кететін жол шығыны шамамен 1,5 сағатты құрайды. Ал Қабанбай батыр даңғылымен жүрсеңіз, ол 2 сағатқа созылады. Сол жағалауға бару үшін де Тұран даңғылы арқылы жүру ыңғайлы. Бұл бағытта қозғалыс уақыты 1 сағаттан сәл көбірек уақытты құрайды, ал Қабанбай батыр даңғылымен бұл уақыт 2 сағат 15 минутқа жетеді.

«Қабанбай батыр даңғылының жүктемесінің жоғары болуы бірнеше фактормен түсіндіріледі: бұл даңғыл қаланың көптеген маршрутын байланыстыратын негізгі транзиттік жол саналады. Онда 32 бағдаршам орналасқан, сонымен қатар көлік ағынына іргелес орналасқан Қосшы қаласынан келетін автокөліктер де әсер етеді», – деп түсіндірді мамандар.

Sergek ITS-тің осыған дейін ұсынған мәліметіне сүйенсек, Астана жолдарында кептеліс кезінде 136 мың көлік қозғалады. Ал Алматыда бұл көрсеткіш 205 мың көлікті құрап отыр.