«Қонаевтағы казинолардан салыққа 90 млрд теңге түсті»: Сұлтанғазиев құмар ойын бизнесі тоқтамайтынын айтты
Қонаев қаласындағы букмекерлік кеңселер мен казинолардан елге жыл сайын 90 млрд теңгеге жуық салық түсіп тұр. Қаланың артықшылығы болған ойынханалар шетелден туристерді де көптеп тартып жатыр. Осылай деген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласындағы құмар ойын бизнесі тоқтамайтынын айтты.
Облыс басшысының айтуынша, Қонаев қаласында қазір 5 казино мен 6 ойын залы жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек бірнеше букмекерлік компаниялар тіркелген. Әкім ойын бизнесінің арқасында қалада жұмыссыздық мәселесі азайғанын айтады.
«Биыл қателеспесем, олар мемлекетке 90 миллиардқа жуық салық төледі. 3,5 мың жұмыс орны құрылды және осы ойын бизнесі саласында дәл осындай 3,5 мың жұмыс орны бар. Осыншалықты адам осы жерлерден өз нәпақаларын тауып отыр. Оның үстіне су қоймасының жағалауында орналасуы туристер үшін тартымды болып отыр»,- деді Сұлтанғазиев орталық коммуникациялар алаңында брифингінде.
Әкім сондай-ақ ойын бизнесі шетелдік туристерді қалай тартып отырғанына да тоқталды.
«Жұмыс істеп тұрған 5 казиноның лицензиясы бар. Өздеріңіз білесіздер тек Қонаев пен Щучинск қалаларында ғана ойын бизнесін жүргізуге болады. Сондықтан бізде жұмыс істейтіндер заңды тіркелген. Ал шетелдік туристерге келер болсақ, осы бағытта ең басты басымдық соларда болып отыр»,- деді әкім.
Айта кетейік, осыған дейін Туризм және спорт министрлігі казино мен лотерея ойнатуға рұқсаты жоқ платформалардың тізімін жаңартқан болатын. Ондағы мәліметке сенсек, Қазақстанда казино белгілері бар интернет платформалардың саны артқан. Тізімге енген платформалар арасында Sultan Games, Vavada, Play Fortuna, Riobet, Pin Up, Casino-X сынды ресурстар бар.
Сондай-ақ Қазақстанда интернет-казино және лицензиясыз шетелдік букмекерлік кеңселерді жарнамалайтын сайттар тексерілетінін еске сала кетейік.