Жаңалықтар

«ҚазАвтоЖол» Алматы облысындағы нашар жолдар үшін 16 млн теңге айыппұл төлейді

«ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ жол қауіпсіздігіне қатысты талаптарды орындамаған / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы облысының полицейлері сапасы сын көтермейтін және жөнделмеген жол үшін «ҚазАвтоЖолға» 16 миллион теңге айыппұл салды.

ІІМ мәліметінше, «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ-ның Алматы облысындағы филиалы полицияның берген нұсқамалары мен жолдың қауіпсіздігіне қатысты талаптарын ескерусіз қалдырған. Сот шешімімен аталған ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 738 400 теңге көлемінде айыппұл арқалады.

«Осы жылдың басынан бастап Алматы облысы полиция қызметкерлері жалпы пайдаланымдағы автожолдарға 1 579 зерттеу жүргізді. Жұмыс қорытындысы бойынша жолдарды күтіп ұстаудың көптеген кемшіліктері анықталды, оларды жоюға жол-пайдалану ұйымдарына 1 579 нұсқама жіберілді»,- делінген хабарламада.

Жалпы Заң талаптарын өрескел бұзған 321 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың арасында «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалы мен «Қажсервис» ЖШС бар. Бұл екі ұйымға ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабы бойынша 36 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 16 млн 92100 теңге болатын айыппұл салынған.

Жол құрылысындағы жемқорлық фактілері

Жалпы, жолға қатысты құқықбұзушылық бітер емес. Соңғы үш жарым жылдан астам уақытта Антикор жолдарға қатысты 65 жемқорлық фактілерін анықтады. Соның салдарынан мемлекетке 9 млрд теңге шамасында залал келген. Антикор мәліметінше, Ұлытау, Абай, Жетісу, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Жамбыл өңірлерінде де жолдардың құрылысына қатысты кемшіліктер шыққан. Мердігерлік ұйымдар көбіне кепілдік мерзіміне қатысты мәселеде жемқорлық тәуекеліне барады. Автомобиль жолдарының жұмысына бөлінген бюджет қаражатын жымқырғандар арасында жаза арқалағандар да бар.

Республикалық жолдардың 3%-ы ғана қауіпсіздік талаптарына сай

Еске салсақ, осыған дейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қала сыртындағы және облыс аралық жолдарда апат саны азаймай тұрғанын айтып, дабыл қаққан еді. Өйткені республикалық жолдардың тек 3%-ы ғана қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді. Министр шұғыл түрде 4 және одан да көп жолағы бар 6 мың шақырымнан астам жолдар салу қажет екенін айтты.