Қазақстанда көлік саудасы қыза түсті: ең көп сатылған автолар қатарында қытайлық бренд бар

Жарияланды 14 Желтоқсан 2024 15:18

(жаңартылды 14 Желтоқсан 2024 13:40)
Еңлік Нұрболат

Еңлік Нұрболат

автор
ең сұранысқа ие көліктер
Қазақстандағы ең сұранысқа ие көліктер / Фото: архив: kursiv.media

2024 жылдың қараша айында Қазақстанның автокөлік нарығында жоғары динамика тіркеліп, темір тұлпар саудасы қыза түсті.

Қазақстанның Автокөлік Одағының (ҚАО) мәліметінше, қараша айында 20 984 жеңіл автокөлік пен коммерциялық техника сатылған. Бұл өткен жылдың дәл осы айымен салыстырғанда 10,7%-ға артық. Ал жылдың басынан бері, яғни қаңтар-қараша аралығында, авто дилерлер қазақстандықтарға 179 628 жаңа көліктің кілтін табыстады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,6%-ға жоғары көрсеткіш.

Қараша айындағы ең көп сатылған бренд – Chevrolet (4 418 бірлік) болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,1%-ға жоғары. Екінші орынды танымал оңтүстік кореялық бренд Hyundai иеленді (3 829 бірлік), аталған автолар сатылымы 6,3%-ға артқан. Үшінші орынға тағы бір кореялық марка Kia (1 617 бірлік) жайғасты, бірақ оның сатылымы 23%-ға төмендеген.

Сонымен қатар тізімде қытайлық маркалар бар. Мәселен, Chery (1 515 бірлік) мен Haval (1 451 бірлік) сәйкесінше төртінші және бесінші орындарда тұр. Haval сатылымы 89,4%-ға өссе, Chery көрсеткіші 24,4%-ға төмендеген.

Қараша айында ең танымал модельдерге тоқталсақ. Олардың қатарында Chevrolet Cobalt (4 159 бірлік), Hyundai Tucson (1 843 бірлік) және Haval M6 (727 бірлік) тұр. Бұл өткен айда ең сұранысқа ие автокөлік модельдері болды. Сондай-ақ Hyundai Elantra, Chery Tiggo 7 Pro, Toyota Camry және Kia Sportage сияқты модельдерге де сұраныс артты.

Жылдық көрсеткіштер бойынша, 2024 жылдың қаңтар-қараша айлары арасында Қазақстанда зауыты бар, бірақ түп тамыры Оңтүстік Кореядан бастау алатын Hyundai көш бастап тұр. Бұл марканың жыл басынан бері 37 998 бірлік көлігі сатылған. Екінші орын Chevrolet маркасына тиесілі (26 463 бірлік), ал Kia үшінші орынға тұрақтады (21 087 бірлік). Төртінші орында қытайлық Chery (13 491 бірлік), бесінші орында да ҚХР-да шығарылған Jac (10 143 бірлік) тұр.

Бұл тұста ҚАО президенті Анар Мақашева жыл соңында жаңа көлік сатып алуға өте ыңғайлы уақыт екенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы екі ай қатарынан нарықта 20 мыңнан астам көлік сатылған. Бұл қазақстандықтардың көлікке деген сұранысының артқанын көрсетеді. Сонымен қатар, ол ресми дилерлердің Жаңа жыл қарсаңындағы арнайы жеңілдіктерін пайдалануға шақырды.

«Бұл мәліметтер автокөлік нарығының тұрақты дамып келе жатқанын және сұраныстың жоғары екенін көрсетеді», – деп хабарлады Қазақстанның Автокөлік Одағы.

Еске сала кетсек, 2023 жылы әлемдегі нөмірі бірінші көшбасшы Жапонияның өзін артта қалдырған Қытай бренді BYD Қазақстан нарығына келмек. Елдегі ресми диллер «Астана Моторс» болмақ. Қазір Қазақстан нарығында ресми 15-тен аса қытайлық марка болса, 2025 жылы тағы 15 бренд отандық нарыққа келуді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз