Шариғат қағидаттарына сәйкес инвестициялау: нені білу керек, қандай акцияларды сатып алуға болады?

Жарияланды
Халал инвестиция салуға рұқсат етілгенін және қайсысын қолдануға болмайды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Шариғат заңдарына сәйкес инвестициялау – халал инвестиция деп аталады. Мұсылмандар қор нарығында сауда жасай алады, бірақ нақты қағидаларды сақтау маңызды. Себебі мұндай құралдардың бағыты әдеттегі инвестициялардан мүлдем ерекше. Kursiv.Media тілшісі осы тақырыпты зерттеп, қандай құралдарға инвестиция салуға болатынын анықтап көрді.

Шариғат бойынша инвестиция тарихы

Шариғат заңына сәйкес инвестициялау ұғымының өзі ХХ ғасырдың ортасында пайда болды. Мұсылмандық діни нормалар бойынша несие алу және тұрақты ақшалай кірісі бар құралдарға, атап айтқанда облигацияларға тыйым салынған. Соған қарамастан мұсылмандарға акциялар сатып алуға рұқсат етілген. Бұл ретте бірнеше ескеретін жайт бар. Оның алғашқысы – акцияны сатып алған компания исламдық дәстүрлерді сақтай отырып жұмыс істеуі керек. Мысалы, олар алкоголь өндірмеуі және сатпауы керек.

Алғашқы мұсылмандық қорлар 1960 жылдардың аяғында Малайзияда және 1970 жылдардың ортасында Таяу Шығыста пайда болды. Бірақ олардың саны 2000-шы жылдары айтарлықтай өсті. Бүгінде олардың саны 1500-ге жуық.

Исламдық индекстер табысты ма?

 «LK Finance» ЖШС директоры, қаржы кеңесшісі Владимир Савеноктың айтуынша мұндай құралдар АҚШ-та да бар.

«Мысалы, АҚШ компанияларының 264 акциясына инвестиция салатын S&P500 Shariah Index мұсылмандар үшін S&P500 индексінің аналогына айналды. Тағы бір индекс Dow Jones Ислам нарығының индексі әлемдегі ең ірі компаниялардың акцияларын қамтиды (индекстегі барлығы 4702 акция)», – дейді маман.

Исламдық индекстер кәдімгі индекстерден олардың құрамына кіретін құралдар бойынша ерекшеленеді. Бірақ бұл индекстердің кірістеріндегі айырмашылық шамалы.

Қаржы кеңесшісінің айтуынша, мысалы, S&P500 индексінің 5 жылдағы орташа табыстылығы жылына 13,7%-ды құраған. Ал S&P500 Shariah Index-тің осы кезеңдегі табыстылығы 15,7%-ға жеткен.

Халал инвестиция бойынша рұқсат етілген активтер:

Акциялар нарығы

Әрине, кең тараған қаржы құралдарының бірі – акциялар. Ислам дінін ұстанатын адам кез келген акцияларды сатып ала алмайды – ол шариғат қағидаттарына сай болуы керек. Бұл сұранысқа қай акция сәйкес келетінін қалай түсінуге болады?

Біріншіден, нақты талаптар бар. Ол компанияның қызметі ислам дінінде тыйым салынған мақсаттармен байланысты болмауы керек. Оның ішінде алкоголь, темекі өнімдерін, есірткі, қару-жарақ өндіру және сату; шошқа шаруашылығы; ойын индустриясы; қаржы институттары және т.б. бар.

Екіншіден, пайыздық өсім, пайыздық табыс шариғат бойынша тыйым салынған. Сондықтан бизнеске нақты пайыздық мөлшерлеме бойынша қаражат орналастыруға немесе тартуға болмайды.

Маңызды қағидаттарға назар аударыңыз

Дегенмен… Қазіргі жағдайда пайызы жоқ несиесіз немесе депозитсіз ірі бизнес жүргізу мүмкін емес. Сондықтан мұсылмандарға (белгілі бір шарттарды ескере отырып) рұқсат етілген қызметпен айналысатын компаниялардың акцияларын сатып алуға рұқсат етілген. Сонымен қатар пайыздық несиелер (артықшылықты акциялар, лизинг шарттары және туынды құралдарды қоса алғанда) есебінен тартылған қаражат үлесі ұйымның жалпы капиталының 30%-ынан аспауы керек. Бұған қоса, тартылған салымдардың үлесі компанияның нарықтық капиталының 30%-нан аспауы маңызды.

Маңызды мәселе: жоғарыда аталған акциялардың мөлшерін анықтап, компанияның соңғы есебіне сүйене отырып, шариғат нормаларына сәйкес компанияның қызметін талдау қажет. Егер компания бұдан былай аталған шарттарды орындамаса, оған инвестиция салуды тоқтатып, акцияларынан бас тарту керек.

Компания сайтында соңғы кезеңдегі есебі болмаса немесе толық көрсетілмесе, мұндай компаниялардың шариғат бойынша қызметінің заңдылығы күмән тудырады. Бұл жағдайда инвестициялаудан бас тарту да ұсынылады.

Айта кететін тағы бір жайт, кейбір елдерде тіпті рұқсат етілген активтер мен компаниялар ғана жинақталған  арнайы исламдық қор биржалары бар. Бұл тыйым салынған активтерге инвестициялау қаупін төмендетеді. Себебі шариғатта рұқсат етілген акцияларды өз бетіңізше таңдау қиын. Әсіресе, жаңа бастаған инвесторларға.

Исламдағы тағы бір инвестицялық құрал – сукук

Мұсылмандарға белгілі бір қайтарым алу мақсатында ақша аударуға немесе мүлік сатып алуға тыйым салынады. Бұл банктік депозиттерге де, облигацияларға да қатысты, өйткені пайда алу принципі бойынша олар ұқсас келеді.

Дегенмен исламдық нарықта облигацияларға ұқсас актив түрі – сукук бар. Оны шариғат стандарттарына сәйкес келетін компания ғана шығара алады. Сукук сатып алатын инвестор компанияның материалдық активтерінің немесе ұсынылатын қызметтерінің үлесіне иелік етеді. Бұған қоса ол пайданың бір бөлігін алады. Эмитенттің қызметінен түсетін табыс неғұрлым жоғары болса, инвестор соғұрлым көп пайда табады.

Бұл құралдың облигациялардан айырмашылығы – кепілді кірістің жоқтығы. Бірақ көп жағдайда сукук кірістілік тіпті облигациялардікінен асып түседі.

Қаржы кеңесшісі Владимир Савенок нарықта сукуктың бір түрі – SP қорларының Dow Jones Global Sukuk ETF барын айтады. Қор дәл осы қаржы сертификаттарына (облигациялардың аналогтары) инвестициялайды.

«Бұл қорда әдеттегі мағынадағы облигациялар емес, арнайы бағалы қағаздар болады. Олардың иесі өзінің «пайызын» эмитенттің инвестициялық жобасының пайдасының бір бөлігі түрінде алады. Бірақ қарапайым облигациялардағы сияқты кірістің пайызы алдын ала келісілген. 5 жыл ішінде қор тек 1,3%-ды ғана қайтарған», – деп түсіндірді сарапшы.

Қоғамдық инвестициялық қорға немесе биржалық пай қорына инвестициялау

Акциялар мен облигациялардан басқа биржада сатылатын арнайы қорлар бар. Ресейдің инвестициялық қорлары және шетелдік қорлар. Олар активтерді дербес таңдап, әртараптандырылған портфель құруды қаламайтындарға ыңғайлы. Бірақ кәсіби мамандарға сенуді және мұқият таңдалған құралдарды қамтитын қордағы үлесті сатып алуды қалайтын инвесторларға арналған. Инвестордың қордағы үлесті сатып алуы – қорға тиесілі компаниялардың барлық акцияларына бірден ақша салу. Бұл жағдайда инвестордың салымына және қор портфеліндегі белгілі бір компанияның үлесіне сәйкес инвестор әрбір акцияға ішінара иелік етеді.

Бұл тұста барлық қорлар халал инвестиция үшін қолайлы емес. Тек рұқсат етілген компаниялардан жиналған қаражат халал. Әдетте, мұндай қорлар шариғат заңы аясында портфельді құру және компаниялардың барлық ережелерін сақтауын мұқият қадағалап отыру үшін инвестициялық мамандарға жүгінеді.

Мудараба келісімінің негіздері мен шарттары

Мұсылмандар үшін қаражатты сенімді басқарудың тағы бір түрі бар. Ол мудараба деп аталады. Бұл шариғат бойынша рұқсат етілген құрал. Өйткені ол инвестордың капиталынан пайыз алуды білдірмейді. Бұл инвестор мен менеджердің бірлескен кәсіпорны. Мұнда біріншісі ақша салады, ал екіншісі білім мен уақыттын инвестициялайды. Қызметтен түскен пайда келісім бойынша бөлінеді. Әрине, менеджер ислам рұқсат еткен құралдарды ғана пайдаланады.

Сондай-ақ оқыңыз