Геннадий Головкин 2027 жылы Қазақстанда екінші рет бокстан әлем чемпионаты өтетінін мәлімдеді
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді. Бұл туралы World Boxing халықаралық федерациясы хабарлады.
Бұл чемпионат 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындары қарсаңында ұйымдастырылады, сондықтан халықаралық жарыс күнтізбесіндегі маңызды оқиға ретінде бағаланады.
«2027 жылы Олимпиада алдында өтетін бокстан әлем чемпионатын өткізу – Қазақстан үшін үлкен мәртебе, әрі жауапкершілік. Біздің ел ірі халықаралық спорттық жарыстарды жоғары деңгейде өткізуде мол тәжірибеге ие және бұл турнир де сол дәстүрден тыс қалмайтынына сенімдімін. Олимпиада алдындағы бұл чемпионаттың маңыздылығын түсіне отырып, World Boxing ұйымына білдірген сенімі үшін алғысымды айтамын,» – деді Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті, World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин.
Ал чемпионаттың өткізілу мерзімі мен ұйымдастыру жұмыстары әлі нақтыланбаған, бұған қатысты ақпарат кейін шығады. Айта кетейік, әлем чемпионаты бірінші рет Қазақстанда 2013 жылы Алматыда өткен болатын. Ол кезде жарыс ерлер арасында өткен еді.