«МӘМС туралы» заңға өзгеріс енгізілмекші. Депутаттар жүйе жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді
«МӘМС туралы» заңға өзгеріс енгізіледі. Осыған орай Мәжілістегі Қоғамдық палатаның көшпелі отырысында депутаттар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі проблемалық мәселелерді қарады.
Депутат Айдос Сарым «МӘМС туралы» заңның 2015 жылы қабылданғанын, содан бері құжатқа шамамен 40 рет өзгеріс енгізілгенін айтты. Бірақ, қанша өзгеріс енгізілгеніне қарамастан бұл саладағы проблемалар шешілмеген. Депутат президенттің бюджеттің мүмкіндіктері мен міндеттемелері тұрғысынан теңдестірілген базалық мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыруды міндеттегенін атап өтті.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау вице-министрі Ардақ Амангелдиев министрліктің президент тапсырмаларын орындау үшін біраз шаралар қабылдағанын жеткізді. Министрлік өкілі медициналық көмекті пакеттер бойынша жасанды бөлу мәселесін шешу үшін 2026 жылдан бастап негізгі міндеттемелерді мемлекеттік базалық көмек пакетінен МӘМС жүйесіне кезең-кезеңімен көшіру ұсынылып отырғанын атап өтті. Ал 2027 жылға қарай медициналық қызметтерді қаржыландыру сақтандыру моделіне көшірілмек. Мұндайда мемлекеттік көмек үлесі – 32 пайыз, ал МӘМС – 68 пайыз деңгейінде болады.
Жиында Асхат Аймағамбетов МӘМС жүйесі негізінде халық шығындары 27 пайыздан 31 пайызға дейін өсіп кеткенін, мұндай жүйенің азаматтардың мүддесіне қайшы келетінін атап өткен.
Ал сарапшы Наталья Малярчук «МӘМС туралы» заңды қайта қарау қажет екенін айтып, – МӘМС жүйесін басқару мәселесін реттеуді ұсынған. Ол МӘМС жүйесін басқаруды Үкімет пен уәкілетті органға беріп, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының солардың тапсырмаларын орындаумен айналысатын ұйым ретінде қызмет көрсетуін ұсынды.